Кәсіпкер қызметкерлеріне үй салып берді

0 1

Тұрақты жұмыс, баспана және қолайлы орта ауыл тұрғындарының туған жерден көшуіне тосқауыл болады. Жұмыс жоқ жерден ел көшеді. Осындай көш кезінде Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Терісаққан ауылында да болды. Көп үй босап, көше қаңырап, ауылдың тұрғындары қаланы бетке алды жұмыс іздеп. Енді, міне, ауыл қайта жандана бастады. Осы өңірдің тұрғыны, жеке кәсіпкер Ерлан Қаспақовтің кәсіп ашуымен ауыл тұрғындары туған жерге қайта қоныстанып жатыр.

Ерлан Қаспақов тоғыз жыл бұрын «Терісаққан-2017» ЖШС құрған. Бүгінде кәсіпорын – ауданның ірі мал шаруашылығы қожалықтарының бірі. Мұнда ірі қара, жылқы және қой өсіріледі. Осы уақыт аралығында шаруашылық мал басын көбейтіп, өндіріс көлемін арттырған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылған. Қазір кәсіпорында 30 адам еңбек етеді.

Соңғы жылдары ауылға шамамен 60 адам қайта оралып, қоныс аударған. Бұл ретте жергілікті шаруашылықтың дамуы мен жұмысшыларға үй салу жобасының маңызы зор. Мұның барлығы кәсіпкер ауылдың болашағын жұмыспен қамту, тұрғын үй және әлеуметтік жағдай мәселелерімен тікелей байланыстырады. «Ауылды сақтап қалғымыз келсе, адамдарға өмір сүруге жағдай жасауымыз керек. Адамға жұмыс, баспана және отбасының болашағына деген сенім маңызды», – дейді Ерлан Қаспақов.

Терісаққан – шағын болғанымен, негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қалыптасқан елді мекен. Ауылда 147 үйде 646 адам тұрады. Екі жыл бұрын апатты жағдайдағы ескі ғимараттың орнына жаңа мектеп пайдалануға берілген. Сонымен қатар балабақша, Мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория, медициналық пункт, кітапхана және клуб жұмыс істейді.

Кәсіпкер өз қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 12 үй салды. Қазір оның сегізіне отбасылар қоныстанған, тағы төрт үйге тұрғындар жақын уақытта көшіп кірмек. Ол тұрғын үйлерде жайлы өмір сүруге қажетті жағдайлардың барлығы қарастырылған. Әр үйде төрт тұрғын бөлме, ішкі санитарлық торап, су құбыры және газбен жылыту жүйесі бар. Кәсіпкер алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жаңа қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

«Адамның тұрақты жұмысы мен баспанасы болса, оның болашағына деген сенімі артады. Бұл әсіресе жас отбасылар үшін маңызды. Біз адамдардың туған ауылынан кетпей, осында еңбек етіп, бала тәрбиелеп, өз болашағын құруына жағдай жасағымыз келеді», – дейді кәсіпкер.

Кәсіпорын ауылды абаттандыру жұмыстарына да белсенді қатысады. Қазір Терісаққанда жаңа сквер салынып жатыр. Оны салуға кәсіпкер 60 миллион теңге бөлген. Жаңа демалыс орны абаттандырылып, көгалдандырылады және жарықтандырылады. Мұнда балалар алаңы, воркаут аймағы, демалыс орындары және мерекелік іс-шаралар өткізуге арналған киіз үй бой көтереді.

Кәсіпкердің тағы бір жобасы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігіне бағытталған. Биыл Терісаққанда төрт ауылдық округке қызмет көрсететін өрт сөндіру бекеті ашылды. Шаруашылық бекетке күрделі жол жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін арнайы техника – қарда жүретін көлік пен жол талғамайтын көлік сатып алып берген. Жаңа техника құтқарушылардың төтенше жағдай орнына тезірек жетуіне мүмкіндік береді. Әсіресе қарлы боран, қолайсыз ауа райы және жолсыз жерлерде оның маңызы жоғары.