ІРІ КӘСІПОРЫНДАР 18 КОЛЛЕДЖДІ ҚАМҚОРЛЫҒЫНА АЛДЫ

0 9

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтар айында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде «Жалпы, бәрімізге білім туралы көз­қарасымызды өзгерту қажет. Гумани­тарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру керек. Инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет», деген болатын.

Бүгінгі таңда облысымыздағы 44 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінде 23618 студент білім алып жатса, олардың 11784-і мемлекеттік тапсырыс аясында оқуда. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовтың айтуынша, колледждердің материалдық базасын жетілдіріп, сапалы білім беруге қол жеткізу мақсатында «Жас маман» жобасына 11 колледж енгізіліп, 3,7 млрд теңгеге заманауи құрылғылар сатып алынған. Бүгінде жобаға қатысушы сегіз колледж ақылы негізде қызмет көрсетуде. Оның ішінде екі «Студент өнімі» дүкені және екі ақылы қызмет көрсету орталығы бар. Биыл осы ақылы қызметтер арқылы аталған колледждер шамамен 41 млн теңге табыс табады деп күтілуде. Сонымен қатар облыстағы он аудан мен Тараз қаласы әкімдерінің жанынан салалық жұмыс берушілер кеңестері құрылып, олардың ұсыныстары негізінде стратегиялық даму жоспары бекітілген.

  • Президентіміз отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде колледждерді ірі кәсіпорындарға шефтік қамқорлыққа беруді тапсырған болатын. Осыған сәйкес, облыстағы колледждерді ірі кәсіпорындарға шефтік қамқорлыққа беру жұмысы қолға алынып отыр. Бүгінде 18 колледж «Казфосфат», «Имсталькон», «Палацио» кәсіпорындарына және «Шәушен» шаруа қожалығына бейіндері бойынша беріліп, үш жақты меморандумдар жасалды. Шефтік қамқорлыққа алынған колледждерге кәсіпорындар тарапынан материалдық, тәжірибелік-әдістемелік қолдаулар көрсетілуде. Мысалы «Казфосфат» ЖШС тарапынан Жаңатас көпсалалы колледжіне студенттермен тау-кен қазба жұмыстарын ұйымдастыру үшін 4 гектар жер телімі бөлініп, тәлімгер шеберлер бекітілді, – дейді Бейқұт Жамангозов.

Ал «Шәушен» шаруа қожалығы тарапынан Құлан агротехникалық колледжіне жобалық құны 12 млн теңгені құрайтын оқу-өндірістік мал ұстау базасын салу жұмыстары басталған. «Имсталькон» мен «Палацио» ЖШС-тары колледждердің үшінші курсының 68 студентін оқу-өндірістік тәжірибеден өткізуде. Сонымен қатар кәсіптік білім беру оқу орындарының 12 инженер-педагогы осы кәсіпорындарда тағылымдамадан өтіп жатыр.

Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, колледждерді шефтік қамқорлыққа берудегі басты мақсат – білімгерлердің заманауи технологияларды игеруіне қол жеткізу, тәлімгер шеберлермен жұмыс тәжірибесін жинақтау, озат студенттерге стипендия төлеу, тұрақты жұмыс орнымен қамту.