17 мамыр күні шетелдік автокөліктерге арналған бензин мен дизель отынының нақтыланған бағаларымен ҚР Энергетика министрінің бұйрығы күшіне енеді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ішкі нарықтағы жанармай теңгерімін сақтау, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ағыны мен “сұр” экспортының тәуекелдерін барынша азайту мақсатында Энергетика министрінің шетелдік көліктерге арналған АИ-92, АИ-93 бензині және дизель отынының жаңартылған бағалары бойынша бұйрығына қол қойылды.
Бұйрық мынадай ережелерді көздейді:
- АИ-92 және АИ-93 бензині – литріне 245 теңге;
- Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейінгі мөлшерде – литріне 205 теңге;
- Қазақстан Республикасында берілген мотоциклдерге, жеңіл автомобильдерге, жүк көліктеріне, арнайы, мамандандырылған жеңіл автомобильдерге және автобустарға жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу куәлігін көрсеткен кезде – тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде – литріне 205 теңге;
- дизельдік отын (жазғы, маусымаралық) – литріне 315 теңге;
- Ел аумағында тіркелген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейінгі мөлшерде – литріне 295 теңге;
- Елде берілетін жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу куәлігін көрсеткен кезде жүк көліктеріне, арнайы, мамандандырылған жеңіл автомобильдерге және автобустарға тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде – литріне 295 теңге.
Осылайша, Қазақстан Республикасының куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлігі бар азаматтар үшін жанар-жағармай бағасы өзгеріссіз қалады.
Бүгінде жанар-жағармай қорын өндіру, жөнелту және толықтыру үздіксіз жүргізілуде, бұл ретте мұнай өнімдерінің қомақты қорының болуына байланысты ішкі нарықтағы жағдай тұрақты.