Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты мүмкіндігі шектеулі жандар да сезініп келеді. Атап айтсақ, олардың дәрігерлер тағайындаған топтарына қарай қамқорлық түрі күшейе береді. Ал жұмысқа жарайтындары еңбек етіп, табыс табады. Бұл да – қамқорлық. Сондай белді мекеменің бірі – «Қазақстан саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Тараз оқу-өндірістік кәсіпорны» мекемесі.
Аталған мекеменің әкімшілік құрамында 20 адам болса, жұмысшылар саны 50 адамға жуықтайды. Өзге ұйымдардан артықшылығы бұл мекемеге негізінен мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа қабылданады. Құлағының мүкістігі бар жандар тігіншілікке тәрбиеленеді. Олар тігін машинасын пайдалана отырып, басқа зауыттар мен кәсіпорын жұмысшыларына арнайы жұмыс киімін тігеді.
Жақында «Ауыл» партиясынан сайланған Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев облысқа жұмыс сапарымен келгенде аталған кәсіпорында болып, жұмыс жағдайымен танысқан. Халық қалаулысы Анас Ахатұлына кәсіпорынның өзекті мәселесі тапсырыстың жетімсіздігі туралы айтылған. Депутат бұл жайды көк дәптерге түртіп алып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтың қабылдауында болған жиында көтерген. Облыс басшысы қазіргі таңда өңірімізде бірқатар ірі кәсіпорындар ашылып жатқанын айта келіп, соларға арнайы жұмыс киімін тігу үшін тапсырысты «Тараз оқу- өндірістік кәсіпорны» мекемесіне беретіндерін айтып қуантты. Бұйырса, аталған мекеменің мүмкіндігі мұнан да ұлғайып, тапсырыс молаятын күн алыс емес. Мекемені 8 жылдан астам уақыттан бері басқарып келе жатқан Айгүл Мамбеталиеваның өз жоспары бар. «Біздің мақсат құлағы нашар еститін кісілерді жұмыспен қамту. Қазақстан саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалында 632 ерекше жан тіркелген. Соның ішінде 46 кісі біздің мекемеде жұмыс істеп жүр. Алдағы уақытта үлкен тапсырыстар түсіп жатса, тағы да 20 ерекше жанды жұмысқа тартуға мүмкіндік туатын еді. Бұл кісілердің жұмыс істеуге деген ынтасы өте жақсы», деді ол. Директор тігін цехының ауқымын ұлғайтуды ойлап отырғанын айтып, ол үшін дайындап отырған жабық базасын да көрсетті.
Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан Алефтина
Мұнда еңбек ететін ерекше жандардың өмір жолы әртүрлі. Ішінде назар аударарлық фактілер де бар. Мәселен, Алефтина Біржанова деген тігінші апай осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын сонау Ресейден келген екен. Оның өз тарихы бар. Құдайберген Біржанов деген жігіт Ресейге әскери борышын өтеуге барған. Сол уақытта ұлты хакас, өзі көрікті Алефтина Германқызына ғашық болып қалады. Алефтина да осынау елгезек, намысты, жігерлі, адал қазақ жігітін жан жүрегімен ұнатып қалған екен. Құдайбергеннің отан алдындағы борышын өтеу мерзімі аяқталған соң, некелері қиылып, Алефтинаны өзімен бірге ала қайтқан. Міне, содан бері де 52 жыл өтіпті.
Сол құдай қосқан Құдайбергенімен 47 жыл бірге бақытты өмір сүрген. Екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлдары 50 жасқа толса, кішісі 40 жастың белесін бағындырған. Қазақтың келіні атанған Алефтина ұл-қыздарынан 10 немере сүйіп отыр. Келін болып келіп, бір көшенің өнегелі әжесіне айналды. Әттең жолдасы Құдайберген осыдан бес жыл бұрын өмірден озып кетіпті. Алефтина апай қазір 73 жаста. Әлі де тігінші болып жұмыс істеп жүр. Аталған кәсіпорыннан алатын жалақысы 300 мың теңге. Оған әрине зейнетақысын қосыңыз. Демек Алефтинаның табысы жақсы. Табысы жақсы болған сайын қолы да ашық. Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққандықтан Алефтина қазақтың салт-дәстүрлерін жақсы біледі. Қазақтың дәстүрімен келін алып, қыз ұзатты.
«22 жасымда Ресейден келген едім. Қазақтың жап жас келіні болып, күніне 40-50 кісіге сәлем салдым. Қазақтың келініне лайықты міндет пен тәрбиенің бәрін бойыма сіңірдім. Соңғы 30 жылдан бері құлағымның естуі күрт нашарлап, саңыраулар қоғамына мүше болып, тіркеліп тұрмын. Осы кәсіпорында 30 жылдан бері жұмыс істеймін. Алатын жалақымыз көңілімізден шығады. Соған қарай жұмыстың да жауапкершілігі бар. Сол өз міндетімізді жоғары сапамен атқарып, жақсы жұмыс киімдерін тігіп шығарып жүрміз. Жасым жетпістен асса да, тігінші болып істеп жүрмін. Себебі, үйде қарап отыра алмаймын. Үйренген жұмысым. Бір жағынан табысы да бар.
Зейнетін еңбектен іздеген Зейнеш
Тігінші, есту қабілеті нашар Зейнеш Нұрабаеваның осында еңбек еткеніне 50 жыл болыпты. Жасы 71-де. Ол өзінің өмір жолы мен атқарып жүрген жұмыстары, отбасы туралы айтады. Ол кісімен сурдо аудармашы арқылы сөйлестік. Оның екі ұл, бір қызы бар екен. Олардан жеті немере сүйіп отыр. «Жолдасым біраз жыл болды өмірден озды. Жасым жетпістен асса да, осындағы жұмысты тастаған жоқпын. Осы ұжымды, күнде бас қосатын осындағы ортаны қимаймын. Алефтина Біржанова екеуміз доспыз, замандаспыз. Сөйлессек сөзіміз, айтсақ әңгімеміз жарасады. Жұмыстан тыс уақытта да шақырысып, араласып тұрамыз. Бұл жерден алатын жалақым да жақсы. Қазір азық-түлік, ет өнімдері, киім қымбаттап кетті ғой. Өзімнің отбасыма көрсеткен көмегім болсын деп жұмысқа шығып жүрмін. Бір жағынан қозғалыс денсаулығыма да жақсы, пайдасы мол», – дейді ол.
Тігіннің нағыз шеберлері жиналыпты…
Айта берсе, мұнда еңбек өтілі жоғары тігіншілер баршылық. Мәселен, Гүлдариға Орынбаеваны солардың қатарына қосуға болады. Гүлдариғаның аталған кәсіпорында еңбек етіп келе жатқанына 34 жыл. Ал тігінші Ұлбосын Төребекованың осында жұмыс істегеніне 8 жыл толыпты. Сол сияқты мұнда Гуля Жұмаділова, Анжилина Калпакова, Раушан Караллева сынды келіншектер екі-төрт жылдан бері еңбек етіп келеді.
«Негізінен тапсырыс керек. Бізге берілген тапсырыс болса, тігіншілер арнайы жұмыс киімін тігуден жалықпаймыз. Сұраған мезгілінде дайындап бере аламыз. Ол жағына алаңдамаса да болады. Себебі, мұнда өте тәжірибелі тігіншілер жинақталған. Еңбек өтілі жоғары, жасы үлкен апайлардан үйренеріміз көп. Ал, өзіміз жұмысқа жаңадан келген және еңбек өтілі аз тігіншілерге білгенімізді үйретіп, бағыт-бағдар беруден жалықпаймыз. Себебі – жұмыс ортақ, абйрой ортақ. Бір кәсіпорында ынтымақпен тер төгіп жатырмыз. Мүмкін болса әріптестеріңді түсініп, айналаға шуақ шашқанға не жетсін», дейді озат тігінші Раушан Караллева.
Раушанның айтып тұрған сөзінің жаны бар. Бұл кәсіпорында жұмысшылар бір-біріне ерекше құрметпен қарайды. Соның нәтижесінде жұмыста ілгерілеу бар. Тапсырыс дер кезінде әрі сапалы орындалады. Сонымен қатар, тігіншілер өзара тәртіп пен тазалықты, сыйластықты ерекше құрмтетейді. Бір-біріне жақсы көңіл бөліп, жетістіктеріне қуанып отырады. Бірін-бірі жақсы бағалайды. Ол жағдайды барған кезіміз де біз де байқадық.
Аталған кәсіпорын – ерекше жандарға жасалған қамқорлық пен қолдау. Кәсіпорын 1946 жылдан бері жұмыс істейді. Тоқсаныншы жылдардағы қиын –қыстау, тоқырау кезеңдерінде де жұмыс істеп тұрды. Әлі де қызметін жалғастырып келеді.
Түйін:
Қазақ мейірімді де, жомарт халық. Қашанда жүрегіміз нұр шашып, өзгеге жақсылық тілеп жүреміз. «Қазақстан саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалына 632 кісі мүше екенін жоғарыда айттық. Аталған бірлестіктің облыстық филиал төрайымы Марина Сефилованы да аталған кәсіпорыннан кездестірдік. «Мұнда жақсы жұмыс көзі бар. Тігіншілер де, мамандар да өзара сыйласып, кәсіпорын жұмысын дамытуды ойлайды. Біз де жұмысты көзімізбен көріп, тігіншілердің іс-қимылын қадағалап отырамыз», – дейді Марина Сефилова.
Ал, «Қазақстан саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Тараз оқу-өндірістік кәсіпорны» мекемесінің директоры Айгүл Әнуарбекқызы жұмысты ұйымдастырып, тыным табатын емес. «Бір сөзбен айтқанда мұнда ерекше жандар еңбек етеді. Оларды ренжітуге, көңілін қалдыруға болмайды. Сондықтан, барынша тігінші және жұмысшы мамандарды түсініп, өтініштерін орындап жатырмыз. Қабақтарына қараймыз. Енді бұйырса, облыс әкімі қолдау білдірсе, жұмысымыз жандана түседі деген ойдамыз. Біздің жұмыстың жүруі – ерекше жандардың табыс табуы. Осыны естен шығармаған жөн. Бізде жұмысын өте жақсы көретін, осы мамандыққа шын көңілімен берілген іскер тігіншілер өте көп. Әр бұйымымыздың сәтті шығып жатқаны да осындай қызығушылықтың бар болуынан. Алдағы жылдар да тігіншілерге жасалатын қолдау артып, мекемені ұлғайту жұмыстары сәтімен жүзеге асатын болады», – дейді директор Айгүл Әнуарбекқызы.