Елордада саябақтардағы тәртіпке бақылау күшейді

0 3

Астанада қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау мақсатында профилактикалық рейдтер тұрақты өткізіліп келеді. Кезекті іс-шара Триатлон паркінде «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды.

Рейд барысында әкімдік пен полиция қызметкерлері саябаққа келген тұрғындарға қоғамдық орындарда белгіленген тәртіпті сақтау, қоқысты арнайы жәшіктерге тастау, жасыл желекті бүлдірмеу және рұқсат етілмеген жерде от жақпау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Алматы ауданы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алтынай Мұсаеваның айтуынша, профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындардың жауапкершілігін арттыру.

Алматы ауданындағы Жерұйық және Триатлон саябақтарында мұндай рейдтер апта сайын өтеді. Себебі демалыс күндері бұл орындарға келушілер саны артып, пикник кезінде қоқыс қалдыру немесе басқа да талаптарды бұзу жағдайлары кездеседі. Учаскелік полиция инспекторлары да саябақтарда қоғамдық тәртіптің сақталуын тұрақты бақылауда ұстайды. Полиция мәліметінше, жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 2691 адам, ал 434-2-бабы бойынша 30-дан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Мамандардың айтуынша, қаланың тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына емес, тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігіне де байланысты. Осыған орай «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы түсіндіру және бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғаспақ.

Елорданың саябақтарын таза әрі қауіпсіз ұстау – баршаға ортақ міндет. Сондықтан әр тұрғын қоғамдық кеңістікті ұқыпты пайдаланып, табиғатты қорғауға өз үлесін қосуы қажет.