Еліміздегі тұңғыш волейбол орталығы

0 8

Жетісу өңірі спортқа қашанда айтарлықтай назар аударып, спортшыларға да, әуесқой тұрғыда айналысатын тұрғындарға да көңіл бөліп келеді. Олардың  спортпен кедергісіз айналысуына барлық жағдай қарастырылған. Мемлекет басшысы да Талдықорғандағы сапарында өңірдің волейболға деген қызығушылығын және жетістігін ерекше атап өткен болатын. Облыс орталығындағы «Болашақ» шағын ауданында еліміздегі тұңғыш волейбол базасы бой көтерді.

Жалпы орталықты салуға жергілікті бюджеттен 1 миллиард 217 миллион теңге бөлінді. Ал базаның қасында орналасқан волейболшыларға арналған төрт қабатты, 41 орынды тұрғын үй жеке кәсіпкер Кеңес Рақышовтың қолдауымен салынды. Волейбол орталығы – 2309,80 мың шаршы метр, ал тұрғын үйдің ауданы – 3005,91 мың шаршы метр. Үш қабаттан тұратын орталық  (1-қабатта екі жаттығу залы, екі жаттықтырушылар және екі киім ауыстыратын бөлме; 2-қабатта дәрігерлік және массаж, сауна және душ бөлмелері бар; 3-қабатта жаттығу залы және әкімшілік қызметкерлерінің кабинеті орналасқан) ұлттық лигадағы «Жетісу» және жоғарғы лигадағы «Жетісу-2» командасына арналған.

– Мұндай заманауи волейбол орталығы елімізде алғаш рет біздің облыста тұрғызылып отыр. Бұл «Жетісу» ерлер және әйелдер волейбол командаларының бұдан былай да шыңдалып, қол жеткен жетістіктерін еселей түсуге өзінің оң ықпалын тигізетін болады. Біздің келесі қадам «Жетісу» волейбол акадмемиясын ашып, жолға қою. Бүгінгі ашылып отырған нысан жетісулықтардың игілігіне қызмет ете берсін, – деді ашылуына қатысқан Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев. Спорт ардагері Тұратбек Чарапиев, «Жетісу» волейбол клубының аңыз ойыншысы Татьяна Пюрова да жаңа орталықтың салынғанына ерекше қуанышты екендіктерін жеткізді. Ал Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл кәсіпкер Кеңес Рақышевқа қалаға қосқан үлесі үшін арнайы медаль тағып, алғысын білдірді.

– Қазақстанның барлық өңірінде болдым, бірақ дәл осындай орталықты алғаш көріп тұрмын. Барлық жағдай жасалған орталық, тіпті, Орталық Азияда да жоқ десем қателеспеймін. Өзім Еуропадан келгеннен кейін, сол жақта кей мемлекетте қарастырылмағанын да жақсы білемін. Бұл волейболшыларымыз үшін ерекше қолдау, біз нәтиже үшін барымызды саламыз, – деді «Жетісу» волейбол клубының бапкері, серб Марко Гршич. “Жетісу” волейбол клубының директоры Нияз Жантілеуов те бұл сөзді қуаттап, биылғы мақсат чемпиондық екенін айтты.

Жас ойыншылардың да қуанышында шек жоқ. «Жетісу-2» командасының ойыншысы Мерей Ақжолтай жеңіс жолында барын салатындықтарын айтады.