Облыс әкімдігінде өткен өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысында экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобалар қаралды. Отырыста Екібастұз қаласы әкімдігінің жаңа жобаларын облыстың даму жоспарына енгізу жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Екібастұз – ел энергетикасының жүрегі ғана емес, бүгінде отын кешені мен металлургия саласындағы маңызды индустриалдық өңірге айналып келеді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысында шаһардағы өнеркәсіп өндірісі 1,6 триллион теңгеге жетті. Бұл – өңірдегі барлық қала арасындағы ең жоғары нәтиже. Ал Павлодар облысының өнеркәсібіндегі Екібастұздың үлесі 40 пайыздан асады. Жоспарланған 737 миллиард теңге инвестиция көлемі іс жүзінде 1,5 триллион теңгеге жетіп, жоспарланғаннан екі есе асып түсті.
Мамандар қаланың әлеуметтік өмірінде де ауқымды өзгеріс болып жатқанын айтады. Жыл сайын тұрғындар игілігіне 87 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Құрылыс көлемі 124 миллиард теңгеге жетті. Кейінгі бес жылда 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, бюджет кірісі 69 миллиард теңгеге дейін өскен. Сарапшылар 2023–2024 жылдары алғашқы нақты нәтижелердің тіркелгенін, екі жылда қаланың жаңа, тұрақты жұмыс істейтін экономикалық моделі қалыптасқанын атап өтті. Бұл модель алдағы уақытта да кеңейе береді, оған Екібастұздың мүмкіндіктері толық жетеді.
Жиында шаһардың терең өңдеу, энергетика мен цифрлық экономикаға басымдық беретін индустриялық орталық ретінде қалыптасып жатқаны аталып өтті. Екібастұз бойынша жалпыұлттық пулда 6,4 триллион теңге болатын 21 жоба іске асырылып жатыр. Қосымша инвестициялық штабта жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын тағы 8 жобаны енгізу ұсынылды. Бұл жобалар шамамен 1 мың тұрақты жұмыс орнын және құрылыс кезеңінде 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді.
– Жобалар төрт негізгі бағытты қамтиды. Цифрлық экономика саласында инвестиция көлемі 196 миллиард теңгені құрайтын, 250 жұмыс орнын ашатын деректерді өңдеу орталықтары алқабын салу жоспарланып отыр. Бұл өңірді жаһандық цифрлық нарыққа интеграциялауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс әкімі Асайын Байханов.
Өнеркәсіп саласында алюминий зауытын, көмірді байыту мен жартылай кокс өндіру нысандарын салу көзделген. Бұл жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 200 миллиард теңгеден асады. Яғни шикізаттық модельден құны жоғары өнім өндіруге көшу деген сөз бұл. Энергетика саласында қуаты 350 МВт болатын ЖЭО мен қуаты 100 МВт болатын ілеспе газдарда жұмыс істейтін станса салу жоспарланған. Жалпы алғанда 450 МВт жаңа генерация іске қосылып, бұл өнеркәсіптің одан әрі өсуіне резерв қалыптастырады. Сондай-ақ экономиканың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін асфальтбетон зауыты мен жанар-жағармай бекетін салу және іске қосу жоспарланып қойған.
– Жобаларды іске асыру Екібастұз қаласындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 1,6 триллион теңгеден 2 триллион теңгеден астам деңгейге дейін ұлғайтып, 25-30 пайыз өсімге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қала бюджетіне қосымша салық түсімдері 8-12 миллиард теңге деңгейінде болжанып отыр. Бұл жекелеген жобалар туралы емес, заманауи энергетикасы, терең өңдеу саласы мен цифрлық инфрақұрылымы бар Екібастұздың жаңа индустриялық бағытын қалыптастыру туралы, – дейді өңір басшысы.
Талқылау барысында Асайын Байханов жобаларды жан-жақты пысықтау қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, деректерді өңдеу орталықтары алқабы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның дайындығы, жобаларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ өңірлік инвестициялық штаб отырысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қызметкерлеріне арналған «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы аясындағы инфрақұрылымдық жобасы қаралды. Құны 2,6 миллиард теңгені құрайтын жоба 2026–2027 жылдары іске асырылады. Компания 108 пәтерлі, толық әрленген 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Облыс әкімі жұмысшы мамандық иелерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бастамасының жоғары әлеуметтік маңыздылығын атап өтті. Жобаны іске асыру мерзімдерінің қысқалығын ескере отырып, өңір басшысы нысанды қалалық инженерлік желілерге қосу үшін жылдамдатып техникалық шарттарды беруді тапсырды.