Кәсіптің түрі көп. Соның көзін тауып, пайдаланудан шыққан дөңгелектерді өндіріске айналдырған кәсіп иесі Атырауда тұрады. Осыдан бірнеше жыл бұрын кәсібін жаңа бастаған «New Eco City» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде көліктердің тозған дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке үгінділерден жабын өндіріп келеді.
Серіктестік директоры Сапар Әбдірахметовтың айтуынша, цехта дайындалған өнім балабақша мен мектеп, спорт, ойын залдары мен алаңдарға төсеуге ыңғайлы. Өңірде бұрын-соңды болмаған жоба мемлекеттік бағдарлама бойынша ашылып отыр. Қазір цехта күніне 1,5-2 тонна шина түйіршіктері, 3,5-4 тонна ескі дөңгелек өңделеді. Жаңа өндіріс орнының сағатына 700 килограмм түйіршік шығара алатын мүмкіндігі бар.
Резеңке үгінділерден жасалған жабындар үй ішінде де, балабақшалардағы, мектептердегі, спорт, ойын залдарындағы, саяжайлардағы алаңдарда да қолданылады. Бүгінде аталған құрылым Атырау қаласында шиналарды өңдеу сияқты маңызды саламен айналысатын бірден-бір кәсіпорын. Шикізаттың негізгі жеткізушілері – «Nasar Solutions», «КазТрансГаз өнімдері», «Эко Ойл Сервис», «Silk Way Petroleum», «КазТехмұнайСервис» ЖШС-лері. Ал өнімге Маңғыстау, Ақтөбе облыстары тапсырыс береді екен. Көршілес Орал қаласында мұндай цех бар көрінеді.
Жалпы «New Eco City» ЖШС өз қызметін бүгінде өңірде табысты жүргізіп келеді. Бұл жоба шағын несиелеу шеңберінде Атырау қаласының «Қазақстан халық банкі» АҚ жылдық 14 пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қолдау білдірді. Онда сыйақы мөлшерлемесінің 6 пайызын компания төлейді, ал 8 пайыз айырмасын мемлекет субсидиялайды. Сондай-ақ компания «Даму» қоры несие сомасының 37 пайыз мөлшеріндегі кепілдігін пайдаланды.
Серіктестік директоры Сапар Әбдірахметов бұдан басқа да кәсіп түрлерімен айналысатындарын айтты. Ауыр жүк тасымалын жолға қойған, оқу орталығын ашқан бизнес иесі шина өңдейтін цех жобасын қолға алған кезде тәуекелге барған екен. Өйткені өңірде бұрын-соңды мұндай жоба болмапты.
– Цехта 6 адам жұмыс істейді. Түскі асын ішіп, тынығып алу үшін өндірістік базада үй де бар. Оларға белгіленген жүктеме – сегіз сағат уақыт беріледі. Ал қыс мезгілінде ойын алаңдары салынбайтындықтан жұмысшылар негізінен плиткаларға шикізат, яғни, шина түйіршіктерін әзірлейді. Жазда жаңа өнім дайындау үшін соның барлығын пайдаланамыз, – дейді Сапар Әбдірахметов.