Қытай астанасы Бейжің қаласында «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының және Халықаралық төрелік орталығының әлемдік деңгейдегі жаңа кеңсесінің ашылу рәсімі өтті.
АХҚО соты мен ХТО қызметін 2018 жылы 1 қаңтардан бастап атқарып келеді. Осы алты жылдың ішінде инвестицияларға байланысты 2600-ден аса істің және дау тараптарының 100% қанағаттандырылуына себепкер болды. Қазақстанда бизнес жүргізетін 28 елдің инвесторлары өздерінің инвестициялық дауларын АХҚО соты мен ХТО-да шешу үшін 10000-нан аса іскерлік келісімшартқа АХҚО соты мен ХТО-ның үлгілік ескертпелерін қосқан. Бұл шарттардың едәуір бөлігі Қытайдан Қазақстанға инвестициялар тартуға бағытталған.
АХҚО соты – тәуелсіз заңды тұлға. Екі деңгейден – инстанция соты және апелляциялық соттан тұрады. Өз қызметі мен операцияларына байланысты туындайтын дауларға қатысты айрықша юрисдикцияға ие. Мұнда іс жүргізудің ең заманауи және тиімді әдістері қолданылады. ХТО құрамында мұнай-газ, сауда, құрылыс, энергетика, қаржылық қызмет көрсету, банк ісі, ислам қаржысы, сақтандыру және зияткерлік меншік салаларын қоса, коммерциялық құқықта төрелік ету мен медиация бойынша жетекші халықаралық төрешілер бар.
Бейжіңдегі беделді «China World Tower» ғимаратында орналасқан АХҚО соты мен ХТО-ның жаңа кеңсесінің отырыс залдары заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған. Мұндағы мақсат – Қазақстандағы Қытай инвесторлары үшін олардың АХҚО соты мен ХТО-ға берілген дауларды өз елінде жайлы жағдайда шешу мүмкіндігін беру.
АХҚО соты мен ХТО тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт мырза Бейжің қаласына өткен, 110-нан аса елден 20000-нан астам бизнес өкілі жиналған Шетелдегі бизнесті дамыту жөніндегі Қытай қауымдастығының (China Overseas Development Association, СODA) халықаралық конференциясына қатысты. Аталған іс-шара аясында Кэмпбелл-Холт мырза дауларды шешу жөніндегі серіктестер, аға заңгерлермен және Қазақстанда бизнес жүргізетін немесе жүргізуді жоспарлаған кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Қазақстандағы Қытай инвесторлары үшін коммерциялық дауларды шешудегі Еуразиядағы озық институттары ретінде АХҚО соты мен ХТО-ның ұстанымын одан әрі нығайту мақсатында CODA-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.
«Біз қытайлық компаниялардың Қазақстанға инвестициялары көлемінің өсуін қолдау үшін жүргізіліп жатқан маңызды жұмыстарға қосымша, Қытай астанасының төрінде халықаралық стандарттарға сай АХҚО соты және ХТО кеңсесінің ашылғаны туралы қуанышпен хабарлаймыз. Қытай инвесторлары бірқатар істе өздерінің заңды құқықтарын қорғау үшін АХҚО соты мен ХТО қызметтеріне жүгінген де болатын. Бейжіңдегі біздің соңғы бастамамыз бұл инвесторлар мен Қытайдан келетін болашақ инвесторларға олардың АХҚО соты мен ХТО арқылы дауларды өз елінде де тәуелсіз, уақтылы және экономикалық тиімді шешу мүмкіндігіне қол жеткізуіне мүмкіндік береді», дейді Кристофер Кэмпбелл-Холт.
АХҚО соты мен ХТО-ның Қазақстанда Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Қазақстанда бизнес жүргізетін инвесторлардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Еуразияның сегіз елі – Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанда цифрлық технологиялармен жабдықталған халықаралық стандартты кеңселері бар. Жаһандық инвесторлар Еуразиядағы коммерциялық дауларды шешуде АХҚО соты мен ХТО-ға артықшылық береді. Сондай-ақ аталған институттар – олардың Қазақстанға инвестициялау туралы шешім қабылдауында шешуші фактор.