Балалардың шат күлкісі мен қуанышты жүзінен асқан бақыт жоқ. Сондықтан да жыл сайын 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні әлемнің көптеген елдерінде ерекше ықыласпен аталып өтеді. Бұл күн – бүлдіршіндердің құқықтарын қорғауды, олардың қауіпсіз әрі бақытты өмір сүруіне жағдай жасауды насихаттайтын маңызды мереке.
Тарихы өткен ғасырдың ортасынан бастау алатын бұл мереке алғаш рет 1949 жылы халықаралық деңгейде бекітілген болатын. Содан бері балалардың өмір сүру, білім алу, денсаулығын сақтау, ойын еркін жеткізу және жан-жақты дамуына қолдау көрсету мәселелері қоғам назарынан түскен емес.
Елімізде де балалар мерекесі жыл сайын кең көлемде ұйымдастырылып келеді. Әсіресе ерекше күтімді қажет ететін балаларға қолдау көрсету, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналады.
Осыған орай Шу ауданында да Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ерекше балаларға арналған игі іс-шара ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастамасымен өткен мерекелік іс-шараға ерекше білім беру қажеттіліктері бар және әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалар қатысты.
Іс-шара барысында бүлдіршіндер аудан аумағындағы «Family Time» және «Көкірек» балалар ойын-сауық орталықтарына тегін барып, түрлі ойын құрылғыларында ойнап, қызықты уақыт өткізді. Балалар үшін бұл күн ерекше әсерге толы болды. Әдеттегі күннен өзгеше ұйымдастырылған мерекелік бағдарлама олардың көңіл-күйін көтеріп, шаттық сыйлады.
Сондай-ақ мерекелік күн аясында балаларға «Синема парк» мәдениет ошағында мультфильмдерді тегін тамашалау мүмкіндігі жасалды. Түрлі қызықты кейіпкерлер бейнеленген анимациялық фильмдер балалардың көңілінен шығып, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Балалар үшін ұйымдастырылған тосынсыйлар мұнымен шектелген жоқ. Мереке қонақтары тәтті балмұздақтардан дәм татып, түрлі ойындарға қатысып, құрдастарымен бірге көңілді уақыт өткізді. Әсіресе ертегі кейіпкерлерінің бейнесіндегі аниматорлардың өнері бүлдіршіндерге ерекше әсер қалдырды.
Бұл бағытта аудандық Жастар ресурстық орталығының Төле би ауылдық округі бойынша жастармен жұмыс жөніндегі мамандары белсенділік танытты. Олар түрлі аниматорлық костюмдер киіп, балалармен ойындар ұйымдастырып, би билеп, мерекелік көңіл-күйдің қалыптасуына өз үлестерін қосты. Балалар сүйікті кейіпкерлерімен суретке түсіп, қызықты ойындарға қатысып, ерекше әсер алды.
Мерекелік іс-шара барысында ата-аналардың да қуанышы ерекше байқалды. Олар ұйымдастырушыларға, демеушілерге және іс-шараның өтуіне қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Ата-аналардың айтуынша, мұндай игі бастамалар ерекше балалардың қоғамнан шет қалмай, өздерін өзгелермен тең сезінуіне мүмкіндік береді.
– Балалардың қуанышын көру – біз үшін үлкен бақыт. Осындай мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, балаларымызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған азаматтарға алғысымыз шексіз. Бүгін балаларымыз ерекше әсер алып қайтты, – дейді ата-аналардың бірі.
Қоғамның болашағы – бүгінгі бала. Сондықтан олардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, бақытты балалық шақ сыйлау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Шу ауданында ұйымдастырылған бұл игі іс-шара да сол жауапкершіліктің жарқын көрінісі болды.
Балалар мерекесінде сыйланған шаттық пен қуаныш бүлдіршіндердің жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз. Өйткені әрбір баланың бақытты күлкісі – ел болашағының жарқын кепілі.