Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Мохсен Фагани облысқа жұмыс сапарымен келді. Иран Елшілігінің өкілімен облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев кездесті.
Қонақты жарқын жүзбен қарсы алған Рустам Маратұлы мемлекетаралық келісімнің екі елдің өзара тығыз қарым-қатынас орнатуына алғышарт болып отырғанын, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иран Президентін сайлануымен құттықтағанын атап өтті. Сонымен қатар облыстың бүгінгі дамуы жайлы баяндап, қай салаға инвестиция тартуға мүмкіндік бар екеніне мейманның назарын аударды. 2020 жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 160 миллион, 2021 жылы 440 миллион доллар болғанын, алдағы уақытта мұны 530 миллион долларға жеткізу көзделіп отырғанын тілге тиек етті.
Өз кезегінде Мохсен Фагани жылы қабылдағаны үшін Рустам Маратұлына алғыс білдіріп, Тәуелсіздік күнімен және келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Парсы тілін дамытудың маңыздылығына тоқталған Бас консул осы бағытта еліміздегі жоғары оқу орындарындағы студенттермен келісім жасалып жатқанын айтты. Алматы облысында Иран тарапынан трактор жасау зауытын салу жайлы ұсыныс білдірді. 2000-нан астам өнім түрін ұсынатын «Solico Group» компаниясының өңірде сүт зауытын салуды қолға алғанын, бұл кәсіпорынның әлем бойынша 30 қалада кеңсесі бар екенін атап өтті.
Басқосу барысында екі ел арасындағы 32 жыл толып отырған байланысты әрі қарай нығайту жайы және Алматы облысы мен Иран арасындағы негізгі жетістіктер мен жобалар талқыланды. Саяси, мәдени, тарихи, экономикалық байланыстарды кеңейту және ғылым, білім беру бағытындағы ынтымақтастық, картоп өңдеу зауытының жобасы туралы сөз болды. Сондай-ақ әуе байланысын жақсарту жайы айтылды.