Диқан ауылдық округінің тарихы тереңнен басталады. Кешегі Кеңестер одағы кезінде Ленин колхозында ауылшаруашылығы, оның ішінде егіншілік басым болғанын білеміз. Колхозда қант қызылшасы, арпа, бидайдан мол өнім алуға қол жеткізілгенін бүгінгі аға буын өкілдері айтып отырады. Ал кейінірек бұл ауылда мал бордақылайтын мамандандырылған шаруашылық бірлестігі құрылып, бордақыланған малдар Тараз қаласындағы ет комбинатына жоғары сапамен өтіп жататын. Шаруашылықтың жыл он екі ай бойы айналып келіп жататын жауапты науқандарында қызылша, арпа, бидай егіп, мал бордақылауда жоғары жетістікке жетуге көп еңбек сіңірген азаматтар аз болған жоқ. Олар кезінде адал еңбектеріне қарай жергілікті жерлерден бөлек мемлекеттік марапаттарға да ие болып, халықтың алғысына бөленгені рас. Өкініштісі сол, табыстың тайқазанын тасытқан сол ардагер ата-апаларымыздың дені бүгінде арамызда жоқ. Санаулы ғана барының өзі 80-90 жасты алқымдап қалды. Әрине бұл өмір заңы. Бүгінгі ұрпақтың осындай арда азаматтарды естерінен шығармай, құрмет көрсетіп отыратыны көңілге қуаныш ұялатады. Соның бір дәлелі – Диқан ауылдық мәдениет үйі алдында ашылған «Ардагерлер аллеясы».
Салтанатты іс-шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, аудандық, ауылдық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Серік Ермеков, Әзімбек Ойықбаев, Диқан ауылдық округінің әкімі Жұман Әбдуалиев, зейнеткер-ана Кенжекүл Заурбекова сөз алып, осы ауылда туып, ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен ардагер ата-апаларымыздың өмір жолдарына тоқталды. Осындай азаматтарды естен шығармай, игілікті іс жасап отырған ауыл азаматтарына алғыстарын айтты.
Ауыл әкімдігі мен ауылдық ардагерлер кеңесінің бастамасымен салынған «Ардагерлер аллеясының» лентасын аудандық, ауылдық ардагерлер кеңестерінің төрағалары С.Ермеков пен Ә.Ойықбаев қиған соң, шашу шашылып, жиналғандар аллеяға енді. Мәдениет үйі алдындағы алаңқайға екі қатар етіп 32 еңбек ардагерінің суреттері мрамор тасқа қашалып салынып, астына еңбектері туралы қысқаша анықтамалар беріліпті. Жұрт өз ата-бабалары, әке-шешелерінің портреттері алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп, ескерткіш ретінде суретке түсіп жатты…
– Аллеяны салу үшін көп ізденуге, көп жұмыс істеуге тура келді. Ауылда қызмет, жұмыс істеп, абыройға бөленген азаматтар бұдан да көп. Алайда ауыл ардагерлер кеңесі, округ әкімшілігі, басқа да ұйымдар халықпен келісе отырып саябаққа мемлекеттік марапат алған азаматтардың портреттерін ғана қоюды дұрыс деп таптық. Құрылыс жұмысы басында Абай Иманбаев, Кенжебек Нұрпейісов тәрізді ардагерлер үнемі болып, ақылдарын айтып отырса, Ақылбек, Мәулен, Марат, тағы басқа жас жігіттер көп жұмыс атқарды, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев.