Түпқараған ауданында жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған жаңа жоба қолға алынды. Ақшұқыр ауылында 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Rakhim baby» тігін цехының өндірістік қуатын арттыру мақсатында жаңа фабрика салынуда. Кәсіпорынның іске қосылуы балалар киімінің отандық өндірісін ұлғайтып қана қоймай, ауыл тұрғындары үшін жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақшұқыр ауылына жұмыс сапары барысында «Rakhim baby» тігін цехының жұмысымен танысып, жаңа фабриканың құрылыс барысын көрді. Аймақ басшысына кәсіпорынның қазіргі өндірістік мүмкіндігі мен болашақ жоспары таныстырылды.
Бүгінде кәсіпорын жаңа туған нәрестелер мен балаларға арналған киім-кешектің 200-ден астам түрін шығарады. Өнім түрлерінің арасында күнделікті киімдермен қатар, балаларға қажетті түрлі бұйымдар бар. Жергілікті өндірісте дайындалған тауарлар Ақтау қаласында ғана емес, еліміздің бірқатар өңірлерінде де сұранысқа ие. Атап айтқанда, «Rakhim baby» өнімдері Атырау, Ақтөбе, Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған, Семей, Павлодар, Қарағанды, Тараз, Орал және Көкшетау қалаларына жеткізіледі. Бұл отандық кәсіпорын өнімдерінің географиясы кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Жаңа нысан 0,2 гектар аумаққа орналастырылады. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында негізгі жұмыстар жүргізілуде. Жер учаскесі дайындалып, құдық қазылған. Фабрика ғимаратының қабырғалары тұрғызылып, сылақ жұмыстары басталған. Алдағы кезеңде шатыр жабу жұмыстары қолға алынбақ.
Жоспар бойынша жаңа фабрика 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде жылына 1,2 млн дана өнім өндіруге мүмкіндік алады. Бұл қазіргі өндіріс көлемін едәуір арттырып, ішкі нарықты жергілікті жерде өндірілген балалар киімімен қамтамасыз етуге жол ашпақ.
Жаңа өндірістің әлеуметтік маңызы да жоғары. Қазір кәсіпорында 80 адам еңбек етеді. Фабрика іске қосылғаннан кейін жұмысшылар саны 140 адамға дейін көбейеді. Яғни ауыл тұрғындары үшін 60 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл әсіресе ауылдық жерде жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейтіп, жергілікті халықтың тұрақты табыс табуына жағдай жасайтын маңызды қадам.
Жеңіл өнеркәсіптің дамуы өңір экономикасын әртараптандыруға да ықпал етеді. Балалар киімі сияқты күнделікті сұраныстағы тауарларды жергілікті жерде өндіру сырттан келетін өнімге тәуелділікті азайтып, отандық тауарлардың нарықтағы үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өндірістің кеңеюі тігін саласында жаңа мамандарды даярлау мен кәсіби кадрларға сұраныстың өсуіне ықпал етпек.
Облыс әкімі кәсіпорынның жұмысымен танысу барысында жергілікті өндірісті қолдау мен кәсіпкерлерге қажетті жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, өндірісті дамыту нақты нәтижемен – өнім көлемінің өсуімен, жаңа жұмыс орындарының ашылуымен және жергілікті тауарлардың нарықтағы үлесінің артуымен көрінуі керек.
– Мемлекет басшысы отандық өндірісті дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше мән береді. «Rakhim baby» сияқты жобаларға қажетті қолдау көрсетілуге тиіс. Құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, фабриканы белгіленген мерзімде іске қосу маңызды. Біздің міндетіміз – өңірде өндірілетін өнім көлемін арттыру, нарықтағы жергілікті тауарлардың үлесін кеңейту және тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын құру, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жаңа фабриканың іске қосылуы Ақшұқыр ауылы үшін де маңызды әлеуметтік-экономикалық жоба болмақ. Өйткені өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарымен қатар, ауылдағы кәсіпкерлік белсенділіктің күшеюіне әсер етеді. Жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуы ауыл экономикасының орнықты дамуына негіз болады.
Сонымен қатар кәсіпорынның өнім өткізу аумағының кең болуы фабрика өндірісін ұлғайтуға қажетті нарықтың бар екенін көрсетеді. Еліміздің әр өңірінде сұранысқа ие өнім түрлерінің санын арттыру арқылы кәсіпорын болашақта өндірістік әлеуетін одан әрі күшейтуге мүмкіндік алады.
Сапар қорытындысында облыс әкімі жаңа фабриканың құрылысы мен жобаның іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәсіпорынды қаржыландыру мәселелерін пысықтау қажеттігін айтты.
Ақшұқырда жүзеге асырылып жатқан бұл жоба Маңғыстау өңіріндегі шағын және орта бизнестің өндірістік бағытқа бет бұрып келе жатқанын аңғартады. Кәсіпорынның жаңа деңгейге шығуы жергілікті өнім көлемін арттырып қана қоймай, балалар киімі нарығында отандық тауарлардың үлесін көбейтуге мүмкіндік береді.
Жоспарланған жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталып, фабрика толық қуатына шыққан жағдайда «Rakhim baby» Маңғыстаудағы жеңіл өнеркәсіп саласының ірі кәсіпорындарының біріне айналмақ. Ал оның өнімдерінің еліміздің өзге өңірлеріне таралуы Ақшұқырда өндірілген балалар киімінің отандық нарықтағы орнын одан әрі нығайта түспек.