Астанада жаңа оқу жылында 23 мектеп салынады

0 9

Астананың жаңа Бас жоспарына сай 2035 жылға дейін 430-дан астам әлеуметтік нысан бой көтереді. Оның ішінде 164 нысан – мектеп. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Қазіргі уақытта қалада 100 мыңға жуық оқушыға (екі ауысымды) арналған 30-дан астам мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы ішінде 23 мектеп салынады.

«Қаланы аралау барысында алдағы оқу жылының басында ашылатын мектептердің құрылысымен таныстым. 8 жайлы мектеп мына мекенжайларда орналасқан: Сарыарқа ауданы, Ұлытау мен Наурыз көшелерінің қиылысында және Бейбарыс Сұлтан көшесінде; Нұра ауданы, Төле би көшесі мен 24 көшенің қиылысында; Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында; Нұра ауданы, Төле би, 31 көшелерінде, Мәңгілік ел даңғылы мен Е-497 көшесінің қиылысында, Орынбор мен №37 көшелерінің қиылысында; Алматы ауданы, А.Байтұрсынұлы көшесінде», деп жазды Астана қаласының әкімі.

Сондай-ақ оқу жылының басында жоғарыда аталған оқу орындарынан бөлек 3 мемлекеттік және бір жеке мектеп ашу жоспарланған. Ал жыл соңына дейін тағы 7 жайлы мектеп, 2 мемлекеттік мектеп және 2 жекеменшік мектеп ашу көзделген.