Кеңес заманынан «мұра» болып қалған әскердегі әлімжеттік мәселесі қазір де көптеген жас жігітті үрейлендіріп, олар әскерге бармаудың бір амалы ретінде әскери кафедрасы бар университеттерге оқуға түсіп жатқаны жасырын емес. Мұны жақсы білетін жоғары оқу орындарының басшылары әскери кафедра ашуды қосымша табыс көзі санайды.
2022 жылға дейін 11 жоғары оқу орындарында әскери кафедра ашылғаны – соның айғағы. Осылайша еліміздегі 120 жоғары оқу орнының 36-сы немесе 30 пайызы запастағы офицерлер даярлаумен айналысып жатыр. Ал Кеңес одағы кезінде Қазақстандағы жоғары оқу орындарының небәрі 12-де ғана әскери кафедра бар еді. Оның үстіне әскери кафедрасы жоқ жоғары оқу орындарына түскен жас жігіттер де басқа университеттердің әскери кафедрасында ақылы негізде оқып, әскерге бармаудың амалын жасап жүр. Шынтуайтында, әскери кафедрасы бар университет студенттері аптасына бір күнді «Әскери дайындық» пәніне арнайтындықтан, бұл олардың негізгі мамандықтарының оқу бағдарламасын игеруіне теріс әсерін тигізетіні сөзсіз.
Осы ретте алдыңғы қатарлы Қарулы Күштерге ие басқа мемлекеттердің кейбіріндегі жоғары оқу орындарында әскери кафедра жоқтығын айта кеткен жөн. Мәселен, Ресей Федерациясында 2019 жылдан бастап университеттердің әскери кафедралары таратылып, олардың базасында Қорғаныс министрлігінің басшылығымен 33 Әскери оқу орталығы құрылған. Қазір олардың жалпы саны 93-ке жеткен екен. Оларда жылына 10500 кадрлық офицер, 34200 запастағы офицер, 16 500 запастағы сержант пен сарбаз даярланады. Ресейдің Әскери оқу орталықтарының ерекшелігі – оларды бітірген түлектерге келесі үш жыл ішінде келісімшарт бойынша әскери қызмет атқару міндеті жүктеледі. Оған келіспеген жағдайда түлектің оқуына жұмсалған қаражатты өтеуіне тура келеді. Себебі Әскери оқу орталығында оқу мемлекеттік бюджет есебінен тегін жүргізіледі.
Ал Америка Құрама Штаттарында 600-ден астам азаматтық жоғары оқу орнында немесе барлық университеттердің шамамен 20 пайызында әскери даярлық пәні оқытылады. АҚШ Қарулы Күштері офицерлер корпусының шамамен 70 пайызын ЖОО-ының әскери даярлық курстарын аяқтаған түлектер құрайды. Жыл сайын әскери даярлық курстарын бітірген жастардың 50 пайызға жуығы тұрақты әскери бөлімшелерге әскери қызметке алынады. Мысалы, АҚШ-тың тек Құрлық әскеріне ғана жыл сайын әскери даярлық курстарын тәмамдаған 4 мыңдай түлек офицерлік қызметке барады екен. АҚШ Қорғаныс министрлігі, әсіресе азаматтық жоғары оқу орындарында даярланатын аясы тар мамандарды – дәрігерлерді, физиктерді, химиктерді, инженерлерді, сондай-ақ әскери барлау мамандарын Қарулы Күштер қатарына жиі алады. АҚШ-тың азаматтық білім беру ұйымдарындағы офицерлер даярлау жүйесі бойынша колледждерде – екі жылдық, ал университеттерде төрт жылдық оқу мерзімі қарастырылған. Екі жылдық оқыту бойынша резерв офицерлерін даярлағанда мемлекет оларға ақы төлемейді. Төрт жылдық бағдарлама бойынша білім алушылар стипендия, кітаптар мен оқу құралдарын сатып алуға, көлік шығынын жабуға арналған төлемдермен, тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұған айтарлықтай қаржы бөлінеді. Алайда курсант келісімшарт талаптарын орындамаған жағдайда оған офицерлерді даярлау жүйесі бойынша жұмсалған барлық қаржы мемлекетке қайтарып алынады.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, еліміздегі әскерге шақыру жасындағы азаматтар жастардың жалпы санының шамамен 19 пайызын ғана құрайды. Яғни аздық етіп отырғанын ескерсек, әскери оқытылған резервті жинақтауға қажеттілік бар. Ал оның негізгі тәсілі жоғары оқу орындарының әскери кафедралары базасында ел азаматтарын запастағы офицерлер және запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша даярлау болып саналады. Әскери кафедраға оқуға қабылданған студенттер «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес әскерге шақыру арқылы офицерлік лауазымдарда әскери қызмет өткеру туралы міндеттеме қабылдайды.
Алайда әскерге шақырылып жатқан запастағы офицерлер саны көп емес. Мысалы, Үкіметтің төрт жыл бұрынғы «Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы» қаулысына сәйкес, небәрі 190 запастағы жас офицер, соның ішінде Қарулы Күштерге – 150, ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне 40 маман әскери қызметке шақырылған. Ал әскери кафедраларда оқу – тепсе темір үзетін жас жігіттердің бір бөлігі үшін әскерге бармаудың амалы екені айтпаса да түсінікті.