Ашық аспан астындағы көрме

0 2

Тараз қаласындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта «Кітап әлемі: ойлы ұрпақ алаңы» атты кітапханалық вайб өтті. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылған ауқымды әдеби іс-шарада оқырманға және балаларға құнды кітаптар, жаңа түскен әдебиеттер мен жергілікті қаламгерлердің шығармалары таныстырылды.  

Ашық аспан астына қойылған көрмені тамашалауға жиналғандардың қатары аз болған жоқ. Олардың арасында жастар, мектеп оқушылары мен педагогтер көп болды. Көрмені оқырмандармен қатар жергілікті жазушылар Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы, Бақытжан Әлімқұлов пен Марат Құлибаев та тамашалады. Ашық аспан астындағы көз тартарлық көрме оқырманды сәнімен де, салтанатымен де, құнды кітаптарымен де ә, дегеннен тереңіне тартып алып кетті.

Оқырман бұл жерде облыс атын иеленген Жамбыл Жабаевтың жүз жылға жуық тарихы бар сирек кездесетін кітаптарын көру мүмкіндігіне ие болды. Ақынның 1946 жылы жарық көрген кітаптары Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Жыр алыбы – Жамбыл: кітап әлеміне саяхат» көрмесінен орын алған. Ол жинақтар жергілікті жазушылардың да, сондай-ақ жас оқырманның да қызығушылығын тудырды. Талай оқырманның қолынан өткен, парақтары сарғайып, шеті желінген кітаптарға оқырман ерекше құрметпен қарады. Ал кітапхана қызметкерлері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, тыңдарман жүрегіне жол тапты.

Биыл кітапханаларда қазақтың ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығынан бөлек, Әлихан Бөкейханның – 160, Мұқағали Мақатаевтың – 95, Күзембай Байбосыновтың – 85, Күләш Ахметованың 80 жылдығы мен Илья Жақановтың 90 жылдықтары аталып өтуде. Бұл мерейтойларды атап өтуге облыстық мәдениет бөліміне қарасты кітапханалармен қатар мектеп кітапханашылары да үлес қосуда.

Бүгінгі күні кітап әлеміне жасанды интеллект пен жаңа технологиялар да еніп отыр. Бірақ технология қанша өзгерсе де, кітаптың басты міндеті өзгермейді. Ол – адамды ойландыру, ізденуге жетелеу, білімге бастау беру. «Жаңа форматтағы кітап: ЖИ мүмкіндіктері» алаңында оқырман кітапты тек дәстүрлі форматта ғана емес, жаңа технологиялар арқылы да таныды. Сондай-ақ «24 қаламгер – 24 әдеби әлем» көрмесінде Жамбыл өңірінен шыққан 24 ақын-жазушының шығармашылығы оқырман қызығушылығын тудырмай қоймады.

Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі «Кітап – асыл қазына» кітап көрмесі ұсынса, Дінмұхамед Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы балалардың қатысуымен «Зерде – ойын алаңында» интерактивті ойындар ойнатты. Ал облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы саябақтың «Шахмат» алаңында «Тактильді аймақ» – ерекше форматтағы кітап әлемінде», «Book асхана», «Табиғаттағы кітапхана» және тарихи-танымдық ойындар ойнатып, келушілердің қызығушылығын арттырды.  Бұдан бөлек, Қ. Рысқұлбеков ескерткішінің жанында «Кітап ал» және «Ш.Мұртаза» кітап дүкендерінің қатысуымен кітап жәрмеңкесі өтті.

«Бүгін біз саябақта жай ғана кітап көрмесін тамашалаған жоқпыз. Біз кітаптың қаншалықты үлкен әлем екенін бірге сезіндік. Бұл іс-шараның әр алаңы бір ғана мақсатқа қызмет етті. Ол – оқырманды кітапқа жақындату. Балаларға арналған жаңа форматтағы кітаптар көңілімнен шықты. Ол кітапқа ұялы телефонды жақындатып қарасаңыз, жан-жануарларға жан біткендей қозғалысқа түсетін суретті кітаптар таңқалдырып, жас жеткіншектер мен олардың ата-аналарының да қызығушылығын  арттырды. Оқырманға өзіне ұнаған сүйікті кітабын оқуға алып кетуге де мүмкіндік жасалды. Бұл ашық аспан астындағы ерекше көрме болды, – дейді балалар жазушысы Бақытжан Әлімқұлов.