Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен облыстың оңтүстік аудандарында болды. Сапар барысында инфрақұрылымды жақсарту, экономиканы дамыту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мәселелері басты назарда болды. Әсіресе, облыстың стратегиялық дамуы үшін маңызды рөл атқаратын Арқалық қаласына ерекше көңіл бөлінді.
Әкім барған маңызды нысандардың бірі – қалаға тұрақты жылу беруді қамтамасыз ететін жаңа жылу-энергетикалық орталық болды. Жалпы қуаты 6,5 МВт болатын екі бу қазандығы мен екі турбоагрегат. 2 қазанда басталған жылыту маусымынан бері ЖЭО 4500 тоннадан астам көмір пайдаланған. Қажеттілік туындаған жағдайда мазутты станса жүйені қолдауға дайын. 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымына 42000 тонна көмір жоспарланған, оның 15155 тоннасы жеткізілді.
Жаңа станса Арқалықтың тұрақты жылумен қамтамасыз етілуінің негізі болмақ және қала тұрғындарының жайлы өмір сүруіне жағдай жасайды.
Құмар Ақсақалов қаланың дамуындағы басым бағыттарды атап өтті. Арқалықтан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі 68 шақырым жолды қалпына келтіру жоспарланған. Әуежайдың жұмысын қайта жандандыру көлік қатынасын жақсартып, экономикалық даму мүмкіндіктерін арттырады. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына университет мәртебесі беріледі. Жаңа мектепке дейінгі мекеме жобасы балалар үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Сапар барысында облыс әкімі Арқалық тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу барысында тұрмыстық жағдайын жақсартуды қажет ететін отбасыларға қолдау көрсету, көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу, спорт инфрақұрылымын дамыту және жаңа алаңдар салу және басқа да өзекті мәселелер мен бастамалар талқыланды.
Сапар аясында әкім Амангелді және Жангелдин аудандарына да барып, есеп беру кездесулері мен азаматтарды жеке қабылдаулар өткізді.