Түркістанда шағын шаруаларды біріктіретін ірі мал бордақылау кешені салынуда

0 3

Түркістан облысында мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған тың жоба жүзеге асырылып жатыр. Сауран ауданының Ескі Иқан ауылдық округінде салынып жатқан заманауи мал бордақылау кешені шағын шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, ет өндірісінің толыққанды жүйесін қалыптастыруды көздейді. Ауыл шаруашылығындағы кооперацияны дамытуға негізделген бұл бастама өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, ауыл тұрғындары үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашпақ.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен қолға алынған жобаға 40 гектар жер телімі бөлінген. Қазақстанда баламасы жоқ бұл кешен бір мезгілде 25 мың басқа дейін мал бордақылауға мүмкіндік береді. Жобаның басты ерекшелігі – жеке шаруашылықтардың өз алдына атқаратын жұмысын бір өндірістік алаңға шоғырландырып, мал өсіруден бастап, оны бордақылау, сою, сақтау, өңдеу және өткізуге дейінгі барлық кезеңді өзара байланыстыру.

Бүгінде кешен аумағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы 74 шаруа қожалығына 50 соттықтан жер телімі қарастырылған. Қазіргі уақытта 39 мал қорасының құрылысы қолға алынған. Жоба толық қуатына енген кезде жыл сайын 25 мың бас мал бордақыланып, 5 мың тонна ет өндіру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш өңірдің ет өндірісіндегі мүмкіндігін кеңейтіп, жергілікті шаруалардың нарыққа шығу жолын жеңілдетуге ықпал етеді.

Кешеннің өндірістік инфрақұрылымы да кешенді түрде жоспарланған. Мұнда сағатына 120 басқа дейін қызмет көрсетуге қауқарлы орталықтандырылған мал сою желісі, мың текше метрлік тоңазытқыш қоймасы және ветеринариялық-санитариялық зертхана болады. Сонымен қатар малдың саулығын бақылау, өнімнің сапасын тексеру және өндірістік жұмыстарды ұйымдастыру үшін ветеринар дәрігерлер мен бухгалтерлік қызмет қарастырылған. Кешенге келетін мамандар мен қонақтарға арналған қонақ үй де салынбақ.

Мұндай инфрақұрылымның қалыптасуы шаруалар үшін бірқатар қолайлылық туғызады. Бұрын әр қожалық малды бордақылау, сою, сақтау және өткізу мәселелерін жеке шешуге мәжбүр болса, жаңа орталықта бұл жұмыстар бір жүйеге біріктіріледі. Нәтижесінде өндірістік шығындарды оңтайландыруға, өнім сапасын бақылауға және етті нарыққа тұрақты жеткізуге мүмкіндік туады.

Жобаның назар аударарлық тұстарының бірі – өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу арқылы қосымша өнім шығару. Кешенде сойылған малдың қаны, сүйегі мен ішкі ағзалары кәдеге жаратылып, арнайы цехта өңделеді. Одан балық шаруашылықтарына арналған құнарлы жем дайындалып, дайын өнім тиісті кәсіпорындарға өткізіледі. Осылайша, мал сою барысында пайда болатын қалдықтар өндірістік айналымға қайта енгізіледі. Бұл бір жағынан экологиялық жүктемені азайтса, екінші жағынан қосымша табыс көзін қалыптастырады.

Жобада ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі де ескерілген. Кешен аумағында малшыларға арнап жалпы ауданы 4 мың шаршы метр болатын 74 типтік тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл қожалық иелері мен жұмысшылардың өндіріс орнына жақын тұрып, шаруашылықты үздіксіз жүргізуіне жағдай жасайды. Бұдан бөлек, еңбеккерлердің балалары үшін мектепке қатынау мәселесі де назарға алынған. Оларды білім беру ұйымдарына тасымалдау ұйымдастырылмақ.

Мамандар мұндай жобалардың ауыл шаруашылығындағы кооперацияны дамыту үшін маңызы зор екенін атап өтеді. Себебі шағын шаруашылықтардың жеке мүмкіндігі шектеулі болғанымен, олардың күшін бір арнаға біріктіру арқылы ірі көлемде өнім өндіруге болады. Сонымен бірге ортақ инфрақұрылымды пайдалану шығынды азайтып, шаруалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Түркістан облысында қолға алынған бұл бастама мал шаруашылығын тек шикізат өндіру деңгейінде қалдырмай, оны өңдеу және дайын өнімді өткізу тетіктерімен ұштастыруға бағытталған. Жылына 5 мың тонна ет өндіру жоспары ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді.

Жалпы, Ескі Иқан ауылдық округіндегі мал бордақылау кешені – ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, шағын шаруашылықтарды қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға арналған маңызды инвестициялық бастама. Жоба толық іске қосылған жағдайда оның игілігін тек шаруа қожалықтары ғана емес, ауыл тұрғындары мен өңірдің агроөнеркәсіптік саласы да көрмек. Ең бастысы, бұл бастама ауылдағы мал шаруашылығын ұйымдастырудың жаңа үлгісін қалыптастырып, Түркістан облысының ет өндірісіндегі әлеуетін арттыруға жол ашады.