Диқандар 2,3 миллион тонна өнім жинады

0 4

Алматы облысында биылғы егін жинау науқаны жоғары көрсеткіштермен қорытындылануға жақын. Өңір шаруалары қолайлы ауа райы мен агротехникалық шаралардың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда едәуір мол өнімге қол жеткізді. Әсіресе, жүгері, арпа, бидай және көкөніс-бақша дақылдарының түсімі көңіл қуантады. Қазірдің өзінде егістік алқаптардың басым бөлігі орылып, жиналған өнім көлемі 2,3 миллион тоннадан асты.

Ауыл шаруашылығы саласындағы биылғы нәтижелерге қарағанда, Алматы облысының аграрлық әлеуеті артып келеді. Жалпы көлемі 437,9 мың гектар алқаптан 2 миллион 300 мың тонна өнім алынған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 519 мың тоннаға жоғары. Егін жинау жұмыстары жалпы егістік алқаптың 99,6 пайызында аяқталған. Қалған алқаптардағы өнімді жинау жұмыстары қараша айының соңына дейін жалғасады.

Биылғы маусымның басты ерекшеліктерінің бірі – дәнді дақылдар түсімінің артуы. Әсіресе, жүгері өндірісінде айтарлықтай өсім байқалады. Өңір бойынша жиналған жүгері көлемі 560 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 272,5 мың тоннаға көбейген. Арпа түсімі де жоғары. Биыл шаруалар 155,5 мың тонна арпа жинаса, былтыр бұл көрсеткіш 121,2 мың тоннаны құраған. Ал бидай көлемі 91,5 мың тоннаға жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы 60,3 мың тонна өнім алынған болатын.

Көкөніс және бақша дақылдарын өсірушілер де маусымды табысты аяқтап келеді. Атап айтқанда, облыс шаруашылықтары 291 мың тонна картоп жинаған. Бақша өнімдерінің жалпы көлемі 73,7 мың тоннаны құрап, былтырғы нәтижеден асып түсті. Бұл көрсеткіштер өңірдің азық-түлік қорын қалыптастыруда және ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Аудандар арасындағы өнім көлемі бойынша Еңбекшіқазақ ауданы алдыңғы қатарда. Мұнда 532,6 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі жиналған. Оның 263 мың тоннасы – жүгері. Екінші орында 428,6 мың тонна көрсеткішпен Жамбыл ауданы тұр. Ауданда арпа, бидай және мал азығына қажетті дақылдардың түсімі жоғары болған. Ал Іле ауданы 275,9 мың тонна өнім жинап, үздік үштікті түйіндеді. Сонымен қатар бұл аудан майлы дақылдарды жинау көрсеткіші бойынша облыста көш бастап отыр.

Биыл өңірдегі жалпы егістік көлемі 439,9 мың гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 мың гектарға артық. Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, өнім көлемінің артуына бірнеше фактор ықпал еткен. Соның ішінде су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдалану, егіс алқаптарында агротехникалық жұмыстарды уақытылы жүргізу және минералды тыңайтқыштарды тиімді қолдану ерекше маңызға ие.

Мол өнім жинау – ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстың бір бөлігі ғана. Ендігі міндет – оны сақтау, өңдеу және тиімді өткізу. Осы тұрғыдан алғанда, Алматы облысының ауыл шаруашылығы өнімдері ішкі нарықпен қатар, экспорттық бағытта да сұранысқа ие. Өңірде өндірілген бидай мен мал азықтық дақылдар негізінен жергілікті қажеттілікті өтеуге жұмсалады. Ал жүгері, көкөніс және бақша өнімдері еліміздің өзге өңірлеріне жөнелтіледі.

Сонымен қатар облыста өндірілетін жүгері, ұн, макарон өнімдері, майлы дақылдар мен өсімдік майлары шетел нарығына шығарылады. Негізгі сауда серіктестері қатарында Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері бар. Соңғы жылдары әсіресе Қытайға жүгері және одан өндірілетін дайын өнімдерді экспорттау көлемі артып келеді.

Экспорттық көрсеткіштер де өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетінің жоғары екенін аңғартады. Бақытнұр Бақытұлының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында облыстың жалпы экспорт көлемі 811,7 миллион АҚШ долларын құраған. Оның 479,3 миллион доллары, яғни шамамен 59 пайызы азық-түлік тауарлары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесіне тиесілі. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өңірдің жалпы экспорты 60,2 пайызға өскен.

«Алматы облысында өндірілген өнімнің басым бөлігі алдымен өңір тұрғындарының қажеттілігін өтеуге бағытталады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы тауарлары еліміздің басқа аймақтарына және шетел нарықтарына жөнелтіледі. Әсіресе, жүгері мен одан өндірілетін өнімдерге Қытай тарапынан сұраныс артып келеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Биылғы күзгі дала жұмыстарына да тыңғылықты дайындық жүргізілген. Егін жинау науқанына 295 бригада қатысып, 3,9 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Техникалық қамтамасыз ету жұмыстың белгіленген мерзімде орындалуына және өнімді уақытылы жинауға мүмкіндік берді.

Жиналған астықты сақтау мәселесі де назарда. Қазіргі уақытта облыста лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қоймалары пайдаланылуда. Лицензияланған кәсіпорындардың жалпы сақтау сыйымдылығы 62 мың тоннаны құраса, шаруашылық қоймаларын қосқандағы жиынтық көлем 180,2 мың тоннаға жетеді. Бұл жиналған өнімді сақтауға арналған инфрақұрылымның маңызын көрсетеді. Алдағы уақытта өнім көлемінің артуына байланысты сақтау және өңдеу қуаттарын дамыту қажеттілігі де өзекті бола түспек.

Өңірдің аграрлық саласын дамыту жұмыстары келесі жылы да жалғасын табады. 2027 жылы егіс алқабын 441 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл биылғы көрсеткіштен 1,1 мың гектарға көп. Егіс құрылымында дәнді және бұршақты дақылдармен қатар жүгері, майлы және мал азықтық дақылдарға басымдық берілмек.

Атап айтқанда, жүгері егілетін алқап көлемін 65,5 мың гектарға, ал мал азықтық дақылдар аумағын 212,5 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Мұндай жоспарлар өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға, мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз етуге және өңдеу өнеркәсібіне қажетті шикізат көлемін арттыруға бағытталған.

Жалпы, биылғы егін науқаны Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласында оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Өнім көлемінің өсуі, экспорттық әлеуеттің кеңеюі және келесі жылға белгіленген ауқымды жоспарлар аграрлық сектордың өңір экономикасындағы маңызын арттыра түседі. Ендігі кезекте мол өнімді тиімді сақтау, терең өңдеу және тұрақты өткізу нарығын қалыптастыру басты міндеттердің бірі болып қала береді.