Шымкент қаласында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген басым бағыттарды халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта қалада түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, елдің алдағы даму бағдары, әлеуметтік мәселелер және мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Кездесулерге республикалық мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, медицина саласының мамандары, жоғары оқу орындарының студенттері мен этнос өкілдері қатысты. Ашық форматта өткен басқосуларда тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізуге мүмкіндік алды.
Алғашқы жұмыс тобының өкілдері – Ұлттық құрылтайдың І шақырылым депутаты Б.М. Нарымбетов, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Т. Дәулеталин және Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Джусипов Сайрам тұрғын алабының халқымен жүздесті. Өзбек драма театрында өткен кездесуде әлеуметтік-экономикалық даму, халықтың тұрмыс деңгейін көтеру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мәселелері кеңінен қозғалды.
Б.М. Нарымбетов өз сөзінде Жолдауда белгіленген міндеттердің нәтижелі орындалуы тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, қоғамның белсенділігі мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне де байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел дамуының маңызды бағыттарын жүзеге асыруда халықпен тұрақты байланыс орнату айрықша рөл атқарады.
Бұдан кейін делегация қалалық перинаталдық орталыққа барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Мұнда денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселелері, ана мен бала қауіпсіздігі, медициналық қызметтің сапасы және оның халыққа қолжетімділігі сөз болды. Сонымен қатар медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жетілдіру қажеттігі талқыланды. Бауыржан Джусипов тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
Екінші жұмыс тобы да қаладағы қоғамдық және әлеуметтік алаңдарда бірқатар кездесу өткізді. Оның құрамында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Е.Ж. Тұяқбаев, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Б.Р. Парманов, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Ә.Р. Иманқұлов және ҚР Ұлттық экономика министрлігі Арнайы бағдарламалар комитетінің төрағасы Б.М. Сыздықов болды.
«Қоғамдық келісім» ғимаратында өткен басқосуда этнос өкілдерімен қоғамдағы тұрақтылық, өзара сыйластық пен бірлікті сақтау мәселелері талқыланды. Қатысушылар ел ішіндегі татулықты нығайту, азаматтық жауапкершілікті арттыру және ортақ құндылықтар төңірегінде топтасудың маңызына назар аударды.
Ал М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жастармен пікір алмасу ұйымдастырылды. Студенттермен кездесуде білім беру сапасын арттыру, ғылымды дамыту, еңбек нарығына сұранысқа ие мамандар даярлау және жас буынның кәсіби бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру мәселелері қозғалды. Сондай-ақ жастардың қоғамдық бастамаларға араласуы мен елдің дамуына үлес қосу мүмкіндіктері сөз болды.
Жалпы, Шымкентте өткен кездесулер Жолдауда айқындалған міндеттерді түрлі әлеуметтік ортаға жеткізіп, халықпен тікелей байланыс орнатудың маңызды алаңына айналды. Мұндай ашық пікір алмасулар мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын түсіндірумен қатар, тұрғындардың сұранысы мен ұсыныстарын ескеруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, ел дамуына қатысты маңызды бастамалардың жүзеге асуында мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтуға жол ашады.