Алматы облысы Беларусь Республикасымен сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті жаңа бағыттар бойынша дамытуды жоспарлап отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, өндірісті жергіліктендіру және индустриялық аймақтарды дамыту салаларындағы өзара байланысты нығайтуға басымдық берілмек. Бұл мәселелер облыс әкімі Шыңғыс Әріновтің Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богдановпен және Алматы қаласындағы Бас консулы Денис Мелешкинмен кездесуінде талқыланды.
Кездесу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты жандандыру, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өзара сауда көлемін арттыру мүмкіндіктерін қарастырды. Атап айтқанда, Алматы облысы мен Беларусьтің Витебск облысы арасындағы байланысты тереңдету, ауыл шаруашылығы саласында тәжірибе алмасу мәселелеріне назар аударылды.
Өңір басшысы Қазақстан мен Беларусь арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 34 жылында екі елдің стратегиялық әріптестігі қалыптасып, түрлі бағытта дамығанын атап өтті. Оның айтуынша, Алматы облысының экономикалық әлеуеті шетелдік инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Бүгінде облыс жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша республикадағы жетекші бес өңірдің қатарында. Ауыл шаруашылығы жерлерінің мол қоры, өнеркәсіптік әлеуеті, минералдық-шикізат базасы мен дамып келе жатқан инфрақұрылымы аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып отыр.
Келіссөзде жаңа инвестициялық мүмкіндіктердің бірі ретінде Алатау қаласын дамыту мәселесі де қозғалды. Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған шаһардың аумағы 89 мың гектарды құрайды. Облыс әкімі Беларусь компанияларын қаланың қалыптасуы мен өндірістік жобаларын іске асыруға атсалысуға шақырды. Инвесторларға салықтық жеңілдіктер мен өзге де қолдау тетіктері ұсынылатынын жеткізді.
Сонымен қатар Шыңғыс Әрінов Беларусьтің арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту тәжірибесіне қызығушылық білдірді. Атап айтқанда, «Ұлы тас» индустриялық паркі мен Брест, Гомель-Ратон, Могилев еркін экономикалық аймақтарының жұмыс тәжірибесін зерделеу Алматы облысы үшін маңызды екенін айтты.
Сауда-экономикалық байланыстарға қатысты да бірқатар мәселе көтерілді. Кейінгі уақытта екіжақты тауар айналымында аздаған төмендеу байқалғанымен, ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бар. Қазір Алматы облысында Беларусь капиталының қатысуымен 11 кәсіпорын және бірлескен меншік нысанындағы 5 мекеме жұмыс істейді. Беларусь өңірдің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы маңызды сауда серіктестерінің бірі саналады. Тауар айналымы көлемі бойынша Ресей мен Қырғызстаннан кейінгі үшінші орында тұр.
Облыс басшысы Беларусь кәсіпорындарын өңірде өндіріс ашуға және қолданыстағы жобаларды кеңейтуге шақырып, қажетті өндірістік алаңдар, инфрақұрылым және жобаларды сүйемелдеу бағытында қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде Беларусь елшісі Алексей Богданов көрсетілген құрмет пен жылы қабылдау үшін алғыс айтып, сауда-экономикалық және өзге де салалардағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Айта кетейік, Алматы облысында Беларусь этносының 1188 өкілі тұрады. Талғар ауданында «Беларусь мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы жұмыс істейді. Бұл да екі өңір арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың дамуына негіз болып отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді әріптестікті жалғастырып, сауда, инвестиция және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы мүмкіндіктерді одан әрі пысықтауға ниетті екенін білдірді.