Түркістан облысында тауарлық балық өндіру саласы дамып, жаңа кәсіпорындар өндіріс көлемін арттыруда. Соның бірі – Төлеби ауданындағы «Fish House» серіктестігі. Кәсіпорын балықты өсірумен қатар, оны уылдырық кезеңінен бастап дайын өнімге дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.
Жақында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары аясында Киелітас ауылдық округіне қарасты Достық ауылында орналасқан шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Өңір басшысы кәсіпорынның өндірістік әлеуетін көріп, сала өкілдерімен пікір алмасты. Кездесу барысында балық шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары мен кәсіпкерлерге жасалып жатқан мүмкіндіктер сөз болды.
«Fish House» ЖШС-нің құрылуы мен дамуына кәсіпкер өз қаражаты есебінен 600 миллион теңге инвестиция салған. 2024 жылдың күзінде құрылған нысан 2025 жылдың шілдесінде жұмысын бастаған. Бүгінде мұнда форель, сазан, бекіре және ақ амур өсіріледі. Шаруашылықтың жылдық өндірістік қуаты 300 тоннаға дейін жетеді.
Қазіргі уақытта кәсіпорындағы балық қоры 230 тоннаны құрайды. Оның 150 тоннасы – сазан, 40 тоннасы – форель, 30 тоннасы – бекіре, қалған 10 тоннасы – ақ амур. Өндіріс орнында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы жылы жұмысшылар санын 30-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Шаруашылықта өндіріс үдерісін жүйелі жолға қою үшін шетелдік тәжірибе мен жеткізу арналары да пайдаланылуда. Балық шабақтары Өзбекстаннан әкелінсе, форель уылдырығы Польша мен Даниядан жеткізіледі. Ал жем-шөп өнімдері Польша, Қырғызстан және Алматы қаласындағы жеткізушілерден тапсырыспен алынады.
Кәсіпорынның алдағы жоспарлары да ауқымды. Атап айтқанда, еркін экономикалық аймақ аумағында балық жемін өндіретін зауыт ашу көзделіп отыр. Сонымен бірге форель уылдырығын жергілікті жерде өндіру қолға алынбақ. Бұл бастамалар жүзеге асса, шаруашылық импортқа тәуелділікті азайтып, балық өсірудің толық өндірістік тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік алады.
Кәсіпорынның жұмысы нәтижесіз емес. 2025 жылы балық шаруашылығы саласындағы жетістіктері үшін «Ең үздік балық өндіруші» дипломымен марапатталған.
Жалпы, Түркістан облысы елімізде тауарлық балық өсіру бағытында жетекші өңірлердің бірі саналады. Облыста 2030 жылға дейін өндіріс көлемін 20 мың тоннаға жеткізу межеленген. Биылғы жоспар – 9123 тонна. Қазіргі уақытта оның 3106 тоннасы орындалған.
Жаңа өндіріс орындарының ашылуы, инвестиция тарту және жергілікті өнім өндіруді жолға қою – өңірдегі балық шаруашылығының әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар. «Fish House» секілді кәсіпорындар осы бағыттағы өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтіп, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға да үлес қосып келеді.