Алматы облысының табиғаты бай Қайыңды шатқалында жабайы аңдардың бірі – ақкіс бейнекамераға түсіп қалды. Жануарды Қарабұлақ орманшылығы аумағын бақылау кезінде мемлекеттік инспекторлардың бірі байқап, таспаға түсірген.
Ақкіс табиғатта жасырын тіршілік етуімен және жылдам қозғалуымен ерекшеленеді. Сусар тұқымдасына жататын бұл аң шағын болғанымен, аңшылыққа бейім, өте епті жыртқыш саналады. Оның қорегінің негізгі бөлігін ұсақ кеміргіштер құрайды. Осы арқылы ол табиғи ортадағы жануарлар санының тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі.
Ақкістің қоршаған ортаға бейімделу қабілеті де ерекше. Жылы маусымда жүні қоңырқай-сары түсті болса, қыс мезгілінде ақ түске өзгереді. Бұл ерекшелік қар жамылған аумақта байқалмай қозғалуына, жауларынан жасырынуына және жемтігін оңай аңдуына жағдай жасайды.
Жабайы жануарлардың табиғи мекенінде түсірілген мұндай кадрлар өңірдің жануарлар дүниесін бақылауға мүмкіндік береді. Орманшылық аумақтарында жүргізілетін бақылау жұмыстары табиғи ортаның жағдайын бағалауға және ондағы тіршілік иелерінің қозғалысын анықтауға көмектеседі.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында тау ешкілерінің бір тобы фототұзаққа түсіп, табиғат әуесқойларының назарын аударған еді. Мұндай көріністер Қазақстанның жабайы табиғатының алуан түрлілігін танытып, оны қорғаудың маңызын еске салады.