Құландар мекеніндегі халықаралық фестиваль

0 5

Жетісу облысындағы «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық туризм мен ұлттық мәдениетті тоғыстырған ауқымды іс-шараның орталығына айналды. «Алтынемел – құландар мекені» фестиваліне Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шетелдерден мыңнан астам адам қатысып, табиғи ландшафттарды тамашалап, тарихи мұрамен танысты. Биыл республикалық деңгейде ұйымдастырылған іс-шара өңірдің туристік мүмкіндіктерін кеңінен таныстыруға бағытталды.

Ұлттық парк аумағында өткен фестивальге Ұлыбритания, Үндістан, Франция, Ресей және Якутиядан келген қонақтар, отандық туристер, саяхатшылар мен әлеуметтік желі авторлары жиналды. Бағдарламаға спорттық жарыстар, этномәдени қойылымдар, танымдық экскурсиялар және қолөнер көрмелері енгізілді. Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – Жетісудың табиғи байлығын халықаралық деңгейде танытып, сирек кездесетін жануарларды қорғау мәселесіне қоғам назарын аудару.

Фестиваль Шолақ тауларының бөктерінде ұйымдастырылған 5 және 10 шақырымдық жүгіру жарыстарынан басталды. Қатысушылар көркем табиғат аясында спорттық белсенділіктерін сынап, жеңімпаздар арнайы медальдармен марапатталды. Ал ұлттық парк визит-орталығының алаңында көшпелілер мәдениетін дәріптейтін қойылымдар көрсетіліп, дәстүрлі музыка орындалды. Келушілер көне түркі жазуы, петроглифтер және ұлттық қолөнер бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, балаларға арналған ойындар мен танымдық квесттерге де қызығушылық танытты.

Мәдени бағдарламаның маңызды бөлігі – Шолақ тауларындағы ежелгі петроглифтерге ұйымдастырылған экскурсиялар. Жартастарға қашалған тарихи бейнелер арқылы туристер өңірдің терең тарихымен танысуға мүмкіндік алды. Осылайша фестиваль табиғатты тамашалаумен шектелмей, тарихи-мәдени мұраны танытатын танымдық алаң ретінде де ерекшеленді.

Іс-шараға қатысқан Алматы қаласының тұрғыны Дарья Никишина фестиваль туралы әлеуметтік желіден біліп, жарысқа қатысу үшін арнайы келгенін айтты. Оның пікірінше, спорттық бағдарлама мен этникалық атмосфера сапардың әсерін күшейткен. Ал туристік сала өкілі Гүлдана Қаршигина ұлттық парктің мүмкіндіктерін кеңінен насихаттау мақсатында бейнематериалдар әзірлеуге ниетті екенін жеткізді. Ұлыбританиядан келген Джордж Купер де Қазақстанның табиғаты мен мәдениетін шетелдік аудиторияға таныстыруға қызығушылық білдірді.

Фестивальдің басты назарындағы құландардың тарихы да ерекше. Ұлттық парк мамандарының мәліметінше, 1982 жылы мұнда небәрі 32 құлан болған. Қорғау және көбейту жұмыстарының нәтижесінде биыл олардың саны 3 571 басқа жеткен. Кезінде саны күрт азайып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген бұл жануар бүгінде «Алтынемелдің» басты табиғи символдарының біріне айналды. Фестиваль қонақтарына құландарды табиғи мекенінде бақылау мүмкіндігі ұсынылды.

Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың айтуынша, өңірде туристік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп келеді. Облысқа жыл сайын шамамен 2 миллион турист келеді. Ал өткен жылы «Алтынемел» ұлттық табиғи паркіне 32 мың адам саяхаттап, олардың 11 мыңы шетелдік қонақтар болған.

Табиғи мұраны сақтау мен туристік тартымдылықты арттыруды ұштастырған фестиваль өңірдің әлеуетін танытуға жаңа мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар сирек кездесетін жануарларды қорғаудың маңызын түсіндіріп қана қоймай, Жетісудың тарихи және табиғи байлығына қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.