Франциядағы Иссуар заманауи өнер орталығынан испан суретшісі Сальвадор Дали жасаған «Апокалипсис кітабының» («Livre de l’Apocalypse») мұқабасы ұрланды. Бұл туралы Клермон-Ферран прокуратурасы хабарлады.
Иоанн Інжіліне негізделген бұл кітапты 1958 жылы «Joseph Forêt» баспасы жарыққа шығарған. Басылымды ХХ ғасырдың белгілі суретшілері мен жазушылары, соның ішінде Жан Кокто, Бернар Бюффе және Жан Жионо иллюстрациялаған. Кітаптың түпнұсқасы алып шиыршықтарға салынған.
Сальвадор Дали кітаптың алтынмен, асыл тастармен және теңіз қабыршақтарымен безендірілген қола мұқабасын өзі жобалап, жасаған. Мұқабаның салмағы 150 келі, ал толық композицияның салмағы 210 келіге жетеді.
1961-1972 жылдары туынды әлемнің әртүрлі елдерінде шамамен 150 көрмеге қойылған. Кейін ол Швейцарияда сақталып, жапондық коллекционерлерге сатылған.
Өнер туындысын 2003 жылы Иссуардағы реставрациялық компанияның директоры Кристиан Каруцос сатып алған. Ол бағасын жария етпегенімен, «AFP» агенттігіне берген сұхбатында кітап бұрын дайындалған уақытында екі миллион француз франкіне бағаланғанын айтты. Бұл қазіргі бағамен шамамен 305 мың еуроға тең. Оның айтуынша, сол кезде бұл әлемдегі ең қымбат кітап болған.
Далидің қола мұқабасы мен бірнеше пергаменті Иссуарда күз мезгілінде көпшілік назарына ұсынылып келген.
Қазір туындының ұрлануына байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.