Арыс қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен ғана шектелмей, оны өңдеу, сақтау және нарыққа жеткізуге дейінгі толық тізбекті қалыптастыруға бағытталған жобалар көбейіп келеді. Соның бірі – «MEGA-AGAT АГРО» ЖШС қолға алған өндірістік бастамалар. Компанияның жобаларына бірнеше миллиард теңге инвестиция тартылып, жаңа кәсіпорындар мен логистикалық нысандардың құрылысы жүріп жатыр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арысқа жұмыс сапары кезінде компанияның өндірістік алаңдарын аралап, жобалардың жүзеге асу барысын көрді. Өңір басшысы инвестициялық жобалардың басты нәтижесі жаңа өндіріс пен жұмыс орындары болуы керектігін атап өтті.
Компанияның ең ірі жобасы – өсімдік майын өндіретін зауыт. Құрылысы 9 гектар аумақта жүргізіліп жатқан кәсіпорын күнбағыс, мақта және мақсары тұқымдарын өңдеуге маманданады. Жобаға 11 млрд теңге инвестиция бағытталған. Зауыт тәулігіне 500 тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндік алады. Кәсіпорын іске қосылғанда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Құрылысы өткен жылы басталған нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Өндірістің дамуы логистикалық инфрақұрылымға деген сұранысты да арттырады. Осыған байланысты компания автомобиль және теміржол көлігін байланыстыратын жүк ауыстырып тиеу орталығын салуда. Бір гектар аумақта орналасатын нысанның инвестициялық құны 200 млн теңге. Орталық тәулігіне 2 мың тоннаға дейін жүк қабылдай алады. Мұнда 10 жаңа жұмыс орны ашылады.
Өнімді сақтауға арналған қуаттарды арттыру да назардан тыс қалмаған. Былтыр бұршақ тұқымдас дақылдарға арналған қойма іске қосылып, бір мезетте 6 мың тонна өнімді сақтауға мүмкіндік берді. Бұған қоса, биыл 1 млрд теңге инвестиция есебінен құрғақ порт үлгісіндегі қойманы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нысанға 2 гектар жер бөлінген және іске қосылғаннан кейін 10 адам жұмысқа орналасады.
Компанияның келесі жоспары – астық пен силос сақтайтын ірі қойма салу. Құны 1,5 млрд теңге болатын нысанның жылдық сақтау мүмкіндігі 60 мың тоннаға дейін жетеді. Қойманы келесі жылы іске қосу көзделіп отыр. Мұнда да 10 жаңа жұмыс орны ашылады.
Агроөндіріс бағыты мал шаруашылығымен де толықтырылмақ. Инвестор биыл асыл тұқымды жылқы өсіретін кешенді іске қосуды жоспарлап отыр. 1,5 гектар аумақта орналасатын нысанда 30 басқа дейін жылқы өсіріледі.
Жалпы, «MEGA-AGAT АГРО» жобалары Арыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірістен кейінгі кезеңдерін дамытуға бағытталған. Яғни шикізатты өңдеу, дайын өнімді сақтау және оны тасымалдау мүмкіндігі қатар қалыптасады. Бұл қаланың аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануға және жергілікті өндірістің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді.
Өңір басшысы жауапты органдарға жобаларды іске асыруға қажетті қолдауды жалғастырып, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Жаңа өндірістер іске қосылған сайын Арыстағы жұмыс орындарының саны артып, қаланың экономикалық белсенділігіне де тың серпін берілмек.