Қысқа қарай қамданған қала тұрғындары үшін азық-түлік бағасы мен өнімнің сапасы маңызды. Осы ретте Көкшетауда өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі тұрғындарға қажетті тауарларды делдалсыз сатып алуға мүмкіндік берді. Қаланың сауда алаңына Ақмола облысының он ауданынан келген шаруалар мен өндірушілер өз өнімдерін әкелді.
Жәрмеңке сөрелеріне жалпы көлемі 200 тоннадан астам өнім қойылды. Оның ішінде ет пен сүт өнімдерінен бастап, көкөніс, картоп, балық және жұмыртқаға дейінгі азық-түліктің кең түрі бар. Сондай-ақ қала тұрғындары ұн, жарма, өсімдік майы және маусымдық өнімдерді сатып алды.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қала нарығына тікелей шығуы баға мәселесінде де тиімділігін көрсетті. Әсіресе тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер төмендетілген бағамен сатылды. Сиыр еті, қант, күріш, бірінші сұрыпты ұн, тұз, күнбағыс майы, макарон өнімдері, картоп пен сәбіз нарықтағы орташа бағадан 10-15 пайызға арзан ұсынылды.
Жәрмеңкеде өнім көлемінің басым бөлігін ет, сүт және көкөніс өнімдері құрады. Сауда орындарына шамамен 50 тонна ет, 20 тонна сүт өнімі, 40 тоннаға жуық көкөніс пен картоп жеткізілді. Бұған қоса балық, жұмыртқа, жарма секілді күнделікті тұтынатын тауарлар да саудаға шығарылды.
Өнімнің молдығы тұрғындардың қызығушылығын да арттырды. Жәрмеңкеге келгендер қажетті азық-түлікті бір жерден алып, бірнеше өнімнің бағасын салыстырып сатып алуға мүмкіндік алды. Кейбір тұрғындар мұндай шараларды отбасымен бірге келіп, әрі сауда жасап, әрі уақыт өткізетін орын ретінде қабылдайды.
Қала тұрғыны Салима Сахаева жәрмеңкеге тұрақты түрде келетінін айтады. Бұл жолы ол Зеренді ауданынан жеткізілген жылқы етін сатып алған. «Жәрмеңке өткен сайын осында келіп, қажетті азық-түліктерімді сатып аламын. Өнімнің жаңалығы бірден байқалады, бағасы да қолжетімді. Жолдасым екеуміз бірге келгенді жақсы көреміз. Қажетті заттарымызды алып қана қоймай, көңіл-күйіміз де көтеріліп қалады», – дейді қала тұрғыны.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның айтуынша, мұндай сауда алаңдары жергілікті өндірушілер мен тұтынушыларды тікелей байланыстыратын қалыпты дәстүрге айналып келеді. Биылғы жәрмеңкеге облыстың он ауданынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысқан.
Жәрмеңкенің тағы бір ерекшелігі – оның Қарттар күніне арналған айлық аясында ұйымдастырылуы. Қазан айы бойы өңірде аға буын өкілдеріне құрмет көрсетуге және оларды қолдауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі. Көкшетаудағы жәрмеңке сол шаралардың бірі ретінде тұрғындарға әлеуметтік жағынан тиімді мүмкіндік ұсынды. Бір жағынан, ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімін қала тұтынушысына тікелей жеткізсе, екінші жағынан, халық күнделікті қажет тауарларды нарықтағы бағадан төмен бағада сатып алды.
Мұндай басқосулардың экономикалық мәні де осында. Шаруа үшін – өнімін өткізуге мүмкіндік, тұрғын үшін – сапалы азық-түлікке қолжетімді баға. Ал екі тараптың арасындағы тікелей байланыс қалыптасқан сайын жергілікті өнімнің нарықтағы үлесін арттыруға жол ашылады.