Абай облысының Қарауыл ауылында тұрғындардың кітап оқып, білім алып, шығармашылықпен айналысуына арналған жаңа қоғамдық кеңістік жұмысын бастады. Үш қабатты ғимарат толық жаңғыртылып, заманауи кітапхана форматына көшірілді.
Жаңарған нысанға қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің есімі берілген. Қаламгердің туғанына 129 жыл толған күні пайдалануға берілген кітапхана алдағы уақытта ауылдың мәдени өміріндегі негізгі орталықтардың біріне айналмақ.
Жоба аясында ғимараттың ішкі кеңістігі қайта ұйымдастырылып, қажетті құрал-жабдықтар орнатылды. Кітап қоры толықтырылып, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін бес үйірме іске қосылды. Мұнда оқу-ағарту шараларымен қатар шығармашылық сабақтар, шеберлік кездесулері мен түрлі мәдени бағдарламалар өткізу жоспарланған.
Жаңғырту жұмыстары «Jaña Klub» жобасы негізінде жүзеге асып отыр. Оның мақсаты – ауылдардағы кітапханаларды дәстүрлі оқу залынан тұрғындар тұрақты жиналатын көпфункционалды орталыққа айналдыру.
Жобаны жүзеге асыруға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, «TANA» қоры және Абай облысының әкімдігі атсалысты. Қоғамдық қор кітапханаға қажетті жабдықтар мен әдебиеттер алуға қаражат бөлсе, «TANA» мамандарды оқыту және жаңа форматтағы мәдени бағдарламаларды енгізу жұмыстарына жауапты болды. Ал өңір әкімдігі ғимаратты жөндеуге қолдау көрсетті.
Абай облысында бұл бағыттағы жұмыс мұнымен тоқтамайды. 2026-2027 жылдары өңірдегі 30 кітапхананы жаңарту жоспарланған. Биыл 15 нысанның жұмысын жаңа форматқа көшіру көзделсе, қалған кітапханалар келесі жылы жаңғыртылады.
Жаңарған орталықтың ашылуына арналған шарада облыс әкімі Берік Уәли, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жоба ұйымдастырушыларының пайымынша, кітапханалардың жаңа форматқа көшуі ауыл тұрғындарының білім мен мәдениетке қолжетімділігін арттырып, әр буын өкілдерін бір ортаға жинауға мүмкіндік береді. Қарауылдағы орталықта балалардан бастап аға буынға дейінгі тұрғындарға арналған түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.