1113 тұрғын үйдің жылу жүйесі тексерілді

0 6

Атырау қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындығы облыс әкімдігінде талқыланды. Облыс әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен жиында жылу жүйелерінің әзірлігі, инженерлік инфрақұрылымдағы проблемалар және бірқатар тұрғын үй кешендерін коммуналдық меншікке қабылдау мәселелері қаралды.

Жиында Атырау қаласының 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындығы туралы баяндама жасаған қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Мейіржан Мұқасов көппәтерлі тұрғын үйлердің жылыту жүйелерін тексеру жұмыстарының барысына тоқталды.

Қазіргі таңда қаладағы тұрғын үйлердің жылу жүйелерінің техникалық жағдайын анықтау мақсатында гидравликалық сынақтар жүргізілуде. Бұл жұмыстар 15 мамырдан басталған. Жалпы тексеруден өтуі тиіс 1 174 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 113-і 15 қыркүйектегі жағдай бойынша сынақтан өткізілген. Бұл жоспардың 94,8 пайызына тең.

Автономды қазандықпен қамтамасыз етілген 79 тұрғын үйде дайындық жұмыстары жеке тәртіппен жүргізілуде. Мұнда жылыту жүйелерін жуу, қысым арқылы тексеру және қажетті баптау жұмыстары атқарылуда. Аталған жұмыстарға 27 сервистік ұйым жұмылдырылған.

Жиында тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымына қатысты мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, қазіргі уақытта инженерлік желілерінде түрлі проблемалар бар 26 тұрғын үй кешенін коммуналдық меншікке өткізу мәселесі қарастырылып отыр.

Бұл нысандардың жағдайы біркелкі емес. Кейбір тұрғын үй кешендері бойынша құрылыс жүргізген компаниялар мен тиісті құжаттар сақталған болса, бірқатар нысандарда меншік иесін анықтау қиын. Кей жерлерде инженерлік желілердің құжаттары рәсімделмеген.

Облыс әкімі тұрғын үй кешендерін коммуналдық балансқа қабылдау кезінде тек ғимараттың өзін ғана емес, оған тиесілі инженерлік және ілеспе инфрақұрылымды да қатар қарастыру қажеттігін айтты.

Болат Ақшолақовтың айтуынша, мұндай мәселелерді кейінге қалдыру тұрғындар үшін қосымша қиындықтарға әкелуі мүмкін. Сондықтан әр нысан бойынша нақты шешім қабылдап, проблемаларды кезең-кезеңімен жою қажет.

«Ең алдымен, биылғы күзгі-қысқы маусымның тұрақты өтуін қамтамасыз ету керек. Тұрғын үйлердің инженерлік жүйелеріндегі ақаулар мен инфрақұрылымға қатысты түйткілдер жыл соңына дейін шешімін табуы тиіс», – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында Атырау қаласындағы 17 тұрғын үй кешенінің кәріз жүйесіне қатысты проблемаларды шешу мәселесі де қаралды. Бұл бағытта облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес арнайы жол картасы әзірленген. Құжатта проблемалы нысандардағы инженерлік желілерді ретке келтіру, жауапты құрылымдардың міндеттерін айқындау және жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау шаралары қамтылған.

Жиын соңында облыс әкімі жол картасында белгіленген жұмыстардың толық әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен бірге жыл соңына дейін инженерлік инфрақұрылымында мәселелері бар тұрғын үй кешендерінің проблемаларын шешіп, кейін оларды белгіленген тәртіппен коммуналдық балансқа қабылдау қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек, тұрғын үйлер мен оларға тиесілі инженерлік инфрақұрылым нысандарына жедел қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін бірыңғай коммуналдық кәсіпорын құру жөнінде ұсыныстар әзірлеу міндеті қойылды.

Осылайша, қаладағы тұрғын үйлерді қысқы кезеңге дайындау жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жалғасуда. Оның ішінде жылу жүйелерін сынақтан өткізу, автономды қазандықтарды баптау, инженерлік желілердің жағдайын ретке келтіру және проблемалы тұрғын үй кешендерінің мәртебесін нақтылау жұмыстарына басымдық берілмек.