Келін болу – барған шаңырағыңа жалшы болу емес

0 6

Қазақта отбасы институты жақсы дамыған. Әр әулет өздерінің жасы үлкен атасы мен әжесіне бағынып, олардың өсиетін тыңдау арқылы қалыптасып, үлкен жетістіктерге жетті. Әр шаңыраққа түскен жас келінге қойылатын талап бар. Жас келін әдепті, ибалы, тәрбиелі, ізетті болуы керек. Өзінің жолы мен жасайтын ісін, отбасындағы міндеті мен орынын білгені абзал. Бұл тұрғыда үлгілі келін атанудың бірқатар қиындықтары бар. Сол жолдан сүрінбей өткен келін – нағыз келін.  Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының өзі «Мені батыр деп құрметтейді. Мен батыр емеспін, қазақтың қыздары – батыр. Олар өздеріне мүлдем бөтен, бұрын көрмеген шаңыраққа келін болады. Сол үйге сіңіп кетеді. Нағыз батырлық осы», деп қазақ отбасындағы келіндерді жоғары бағалаған. Батырдың айтқанымен жүз пайыз келісуге болады.

Бірақ, мәселенің екінші жағы да бар. Кейбір енелер келіннің ізетін оның кемдігі, өзіне шексіз бағыныштылығы деп есептейді. Сөйтіп,  жас келінге дөрекі сөйлеп, қожайын болғысы келеді. Қожайын болып та жүр. Көп келіндер өз міндеттерін онсыз да біледі. Көптеген ауылда жас келін таңмен таласа тұрып, 3-4 сиырды сауып, сүт пісіріп, шай қойып, таңғы ас әзірлеп тыным таппайды. Сонда да солардың бірқатары енелеріне жақпайды. Мәселен, бетін әрмен қылсын ажырасып жататын жас шаңырақтың 50 пайызы ата-енесінен бөлек тұрса, ажыраспайтынын айтады. Бұл – ата-енесімен бірге тұрмасын деген сөз емес. Бұл, ата-ене тарапынан жас келінге қысым болғанын көрсетеді. Қысым болғанда жай қысым емес, оның салдарынан кейде жас келіндер өмірімен де қош айтысып жатады. Өкінішке қарай біздің қоғамда мұндай фактілер кездесіп жатыр.

Бұл жөнінде еліміздің бас муфтиі алаңдаушылық білдіруде. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында «Әйелді жылату – азаматтық емес. Әйелге қорған болу – ердің міндеті», деп атап өтті. Бұл жазбаны өзге де имамдар қолдап, пікірлерін білдіруде. «Sn.kz ақпарат» порталының мәліметіне сүйенсек, елімізге танымал имам Талғат Әлиев Меркі ауданында қайтыс болған әйелге қатысты пікір білдірген. Имам қыздарын ұзатқан ата-аналарға олардың әрдайым қайтып келіп, қорғаныш таба алатын үйі бар екенін сезіндіру маңызды екенін айтады.

– Қыздарыңызды ұзатқанда, оның артынан ата-анасының үйінің есігін жауып қоймаңыздар. «Не болса да, шыда» деп айтпаңыздар. Ол әрдайым қайтып келетін, өзін тыңдайтын әрі қорғайтын жері бар екенін білуі керек. Мұндай жағдайда «ұят болады» деген сөз енді жүрмейді. Ал әйел адамға қол көтеретін еркектер туралы менде шынымен сөз жоқ. Бұл – адамның өзін ең төмен дәрежеге түсіруі. Оларда еркектік те, намыс та, адамдық та жоқ. Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – деп өз ойымен бөлісіпті ол.

Жалпыға, топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, қазір қоғамның қатыгездікке бой алдырғаны жасырын емес. Алуан түрлі жаңалықтардан әкесін сабаған ұл, шешесіне бағынбаған қыз жайлы естіп жатамыз. Әке мен ананы құрметтемеген шаңырақта келіннің қадірі қайдан болады? Осы орайда имам Талғат Әлиевтің пікірлерімен келісуге болады.

Қоғам белсенділердің жаңашыл ісімен алға басады. Мойынқұм ауданындағы Бірлік ауылында тұратын Раушан Жетібаева әжеміз бұл мәселені ертерек түсінген. Ол кісі биылғы жылдың басында Бірлік ауылдық «Инабатты әже» байқауын өткізді. Біз сол байқауда ене мен келін арасындағы сыйластықты, келіндердің тәрбиесі мен әдебін көрдік. Бәлкім, отбасындағы жас келінге жасалатын қатыгездікті азайту үшін осындай тәрбиелік мәні зор іс-шараларды көбірек өткізу керек шығар.

Осы орайда Мойынқұм өңірінің өркендеген әр қадамына қуанып жүретін жерлесіміз, Тараз қаласының Құрметті азаматы Күләш Назарбекованың пікірін білген едік.

–  Қоғамда отбасы қарым-қатынасының күрделеніп бара жатқаны рас. Қазіргі таңда отбасындағы ата-ана мен ұл-қыздары бір-бірімен сөйлеспейтін жағдайға жеттік. Отбасының әр мүшесінің қолында бір-бір ұялы телефон. Сырласы да, мұңдасы да, ақпарат алатын орталығы да – сол телефон. Ал, енді осындай деңгейдегі отбасыға жас келін түссе, жағдайы қалай болады? Өздері бір-бірімен сөйлеспейтін отбасылар келінмен тілдесіп, оның жағдайына үңіле ала ма? Жалпы, кешегі күнмен өмір сүруге де болмайды. Бүгінгі жас келін кім? Оларды қалай тәрбиелеу керек? Міне, бұл әр ененің, әр әженің ойланатын мәселесі. Бүгінгі келіндер ізетсіз және тәрбиесіз деп айта алмаймыз. Тәрбелі отбасына түскен келіндер аз емес. Оларға жаңа түскен жерінде қолдау керек. Өзім де келін алып отырмын. Келінім бюджеттік мекемеде жұмыс істейді. Күнделікті жұмыста жүретіндіктен, келінімді түсінуге тырысамын. Кейбір күндері жеңіл тамақты өзім жасай беремін. Денсаулығым болып тұрса, міндеттің барлығын неге келінге артуым керек? Ол да бір үйдің қызы ғой,–  дейді ол.

Күләш Назарбекованың бұл пікірімен келісуге болады.  Бір кездері біз қандай едік? Қазақ даласында қарттар үйі болған жоқ. Кейіннен қарттар үйі ашыла бастағанда жанымыз ауырып, қабылдай алмадық. Алтынбек Қоразбаев ағамыз «Қара шал» әнін шығарып, бүкіл қазақ даласын жылатты. Сол әнді естіп көңілі босаған кейбір жас жігіттер қарттар үйіне өткізіп жіберген әкесін немесе анасын кешірім сұрап, үйіне шығарып алыпты деп те естідік. Қазір қарттар үйі әр қалада бірнешеу. Оның атауын «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» деп өзгертіп, құлаққа жағымды естілетін жағдайға жеткіздік. Бірақ, қызметі – қарттар үйі. Сол қарттар үйі қазақтың қамыққан қарияларына толы. Біреу ата-анасынан ерте айырылып, әке мен шешеге зар. Ата-анасын аңсағанда көздерінің алды құрғамайды. Біреу әкесі мен анасынан құтыла алмай жүр. Не айтуға болады? Одан бөлек қазір зорлық-зомбылық көргендерді қолдау орталығы көбейіп кетті. Оған отбасынан зәбір көрген, күйеуінен қорлық көрген әйелдер барады, уақытша паналайды. Неге осындай жағдайға жеттік? Кім кінәлі? Мойынқұм аудандық отбасын қолдау орталығының директоры Әбдіғали Әбдіразақов «Қоғамда отбасына қатысты мәселелер күрделеніп тұрғаны рас. Біз жас отбасыларға үлгі болатын түрлі іс-шараларды өткізіп жүрміз. Ене мен келін арасы күрделеніп барады. Бұл бір орталықтың ғана міндеті емес, қоғам болып күресетін мәселе», дейді бұл туралы.

Қазақта «Қыздың қырық жаны бар» деп  жатады. Қай кезде де отбасын сақтауда қазақ келіндерінің рөлі жоғары. Кешегі ашаршылық, Ұлы Отан соғысы жылдарында да қазақ әйелдері қайсарлық пен адалдық, жоғары тәрбиенің жарқын үлгісін көрсетті.  «Қайран, жеңгем!» деп әйгілі ақын Мұқағали Мақатаев жырлаған жесір жеңгелердің жасы 25-30 жастың арасында еді. Солар барлық қиындыққа шыдады. Бірақ, ененің қысымы, отбасының қатыгездік танытуы сол сұрапыл жылдардағы жағдайдан ауыр болып тұр. Сол ауыр жылдарда қазақ келіндері аман болды. Отағасының отын өшірмей, қара шаңырағын сақтады. Қазір атпалдай азаматтар келіншегін атпен сүйреп, ажал құштырады. Басқа да жолдармен жұбайының өмірмен қоштасуына себепкер болады. Неге? Неге қатыгез болып кеттік. Имам Талғат Әлиевтің пікірімен сіз келісесіз бе? Не ой қосасыз?  Келін болу – барған жеріне жалшы болу ма? Оны кім қорғайды?