Бесқарағай шаруалары өнім көлемін арттыруға ден қойды

0 4

Бесқарағай ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды сақтау және халыққа қолжетімді бағамен ұсыну бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Аймақ басшысы Берік Уәли ауданға жұмыс сапары барысында Глуховка ауылдық округіндегі «Стелла» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысып, шаруашылықтың өндірістік мүмкіндіктерін көрді.

1995 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықтың негізгі бағыты – өсімдік шаруашылығы. Бүгінде мұнда 10 адам еңбек етеді. Қожалықтың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 437,7 гектарды құрайды. Оның 60 гектары егістікке, 261,4 гектары жайылымға тиесілі. Техника паркінде үш трактор, картоп жинайтын комбайн және екі тіркеме бар.

Шаруашылық егін өндірісінде су үнемдеу технологиясын ерте қолға алған. 2010 жылы өз қаражаты есебінен егістік алқаптарына тамшылатып суару жүйесін орнатқан.

Қазір «Стелла» қожалығының базасында Бесқарағай ауданының тұрақтандыру қорына арналған өнімдерді жинақтау жұмыстары жүріп жатыр. Биыл қорға 400 тонна ауыл шаруашылығы өнімін өткізу жоспарланған. Оның 300 тоннасы картоп, қалған 100 тоннасы көкөніс болады. Жиналған өнімді сақтау үшін 1000 тоннаға дейін өнім сыятын қойма қарастырылған.

Тұрақтандыру қорын толықтыруға ауданның 12 шаруа қожалығы тартылған. Олармен тиісті меморандумдар жасалған. Өнімдер Бесқарағай ауданының елді мекендерімен қатар Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына да жөнелтіледі.

Шаруашылықтың өндірістік инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта қыс мезгілінде ауыл шаруашылығы техникаларын сақтауға арналған 20 орындық ангар салынып жатыр.

«Стелла» қожалығының жұмысымен танысқан облыс әкімі ауылдағы өндірісті дамыту мен жергілікті халықты жұмыспен қамтудың маңызын атап өтті. Берік Уәли шаруашылықтың өнім сапасын сақтап, оны нарықтағы бағадан төмен құнмен халыққа ұсынып отырғанын оң бағалады. Сондай-ақ тұрақтандыру қорына өнім жеткізу үшін бірнеше шаруашылықтың бірлесе жұмыс істеуін маңызды тәжірибе ретінде атап өтті.

Жалпы Бесқарағай ауданында аграрлық сектордың өндірістік қуатын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылып келеді. Биыл аудандағы жалпы егіс көлемі 66 555 гектарға жетті. Оның 34 757 гектарына майлы, 13 608 гектарына дәнді және 17 мың гектарына мал азықтық дақылдар орналастырылған. Сонымен бірге картоп, көкөніс және бақша өнімдерін өсіру көлемін ұлғайтуға басымдық берілуде.

Ауданда суармалы егіншілікті дамытуға да мән беріліп отыр. «Сақ Бесқарағай» серіктестігі 270 гектар алқапқа 363 миллион теңгеге суару жүйесін енгізіп жатса, «Алғабас 2021» серіктестігі 609 гектар аумақта құны 680 миллион теңге болатын жобаны іске асыруда.

Өнімді сақтау мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Ауданда жалпы сыйымдылығы 1000-1500 тонна болатын көкөніс қоймалары жұмыс істейді. Бұл шаруаларға жиналған өнімді сақтап, оны нарыққа сұраныс жоғары кезеңде өткізуге мүмкіндік береді.

Бесқарағайдағы бұл жұмыстар ауыл шаруашылығын тек өнім өндірумен шектемей, оны сақтау, өткізу және халыққа қолжетімді бағада жеткізу тетіктерін қалыптастыруға бағытталғанын көрсетеді.