Дала қыранын зерттеуге бағытталған экспедиция өтті

0 1

Алматы облысында «Шөлейттен Тянь-Шань шыңдарына дейін» атты бес күндік ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. Зерттеу жұмыстары барысында мамандар өңірдің табиғи ландшафттарын зерделеп, құстар мен омыртқалы жануарлардың тіршілік ету ортасын бақылауға алды. Негізгі назар саны азайып бара жатқан дала қыранының (Aquila nipalensis) популяциясын зерттеуге бағытталды.

Экспедиция Алматы облысы әкімдігінің, облыстық туризм басқармасының және Visit Alatau туристік ақпараттық орталығының қолдауымен өтті. Іс-шара Toyota Kazakhstan компаниясының National Geographic Qazaqstan және Зоология институтымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Дала қыраны» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Зерттеу бағыты Алматы қаласынан басталып, Сөгеті, Темірлік және Қара шатқалдарын, Баянкөл мен Ассы үстіртін қамтыды. Мамандар табиғи аумақтарды аралап, құстардың түр құрамын, мінез-құлқын және мекен ету ерекшеліктерін тіркеді. Сонымен қатар дала қыранының ұя салатын аумақтары, оған жақын жерлер мен қоректік базасы зерттелді.

Жоба Қазақстан аумағында ұялайтын дала қыранының популяциясы мен көші-қон бағыттарын анықтап, оны қорғауға қажетті ғылыми негіз қалыптастыруды көздейді.

Экспедицияға ғалымдармен бірге фотографтар, журналистер, бейнеграфтар мен блогерлер қатысты. Шығармашылық топ зерттеу барысын таспаға түсіріп, Қазақстанның табиғи мұрасын танытатын фото және бейнематериалдар әзірледі.

Жоба аясында «Қазақстан құстары» фотобайқауы да өтіп жатыр. Экспедиция нәтижелері мен үздік фотожұмыстар қазан айында Алматыда өтетін көрмеде көпшілік назарына ұсынылады. Ал Зоология институты зерттеу қорытындысы бойынша ғылыми есеп дайындамақ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба алдағы уақытта да жалғасып, дала қыранын жүйелі зерттеуге және Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтауға бағытталады.