Талдықорған-Үштөбе жолы жаңарды

0 2

Жетісу облысында «Талдықорған–Үштөбе» автожолының 42 шақырымдық учаскесін жөндеу жұмыстары аяқталды. Жоба белгіленген мерзімнен екі ай бұрын жүзеге асырылды.

Жолды жаңарту жұмыстары биыл мамыр айында басталған. Оның 27 шақырымына екі қабат, қалған 15 шақырымына бір қабат асфальт төселді. Сонымен қатар 13 су өткізгіш құбыр ауыстырылып, төрт бағдаршам орнатылды. Төрт аялдама да жөндеуден өтті. Қазір жол жиектерін ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Жөндеу жобасы облыстық бюджет есебінен іске асырылды. Жолдың жаңаруы Талдықорған мен Үштөбе арасындағы қатынасты жақсартып, жол бойындағы елді мекен тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастырады.

Биыл Жетісу облысында 370 шақырымға жуық автомобиль жолын және 38 елді мекендегі 230-ға жуық көше жолын жөндеу жоспарланған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 97 пайызға жуықтады.