Байтұрсынұлы түсірген жалғыз фото

0 5

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ғалымдығы, қайраткерлігінен бөлек фотографиямен де айналысқан болатын. Бұл жайында Гүлнар Міржақыпқызы «Шындық шырағы» кітабында: «Ахаңның фотоаппараты болатын, көңілінің зауқы түскенде, қолы босағанда балаларды суретке түсіретін. Кешкі шайды сыртқа үстел шығарып, самаурыннан құйғызып, газет оқып отырып ішетін, сонда көзінің астымен әркімнің психологиясын бақылайтын», деп жазған.

Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының жеке қоры бар. Осы қорда ұлт ұстазына қатысты 17 фотосурет сақталған. Екеуі түпнұсқа болса, 15-і – телнұсқа. Соның бірі – Ахаңның өзі түсірген сурет. Суретте мектеп жасындағы екі қыз бейнелеген. Алдарында жайылған дастарқан. Дастарқан үстінде қайнап тұрған самаурын. Суреттің төменгі жағында «Чай у Шолпан. Фото АБ.» деген қолмен жазылған жазу бар.

Суреттің тағы бір телнұсқасы Ахмет Байтұрсынұлы музейінде сақталған екен. Оны музейге Алаш қайраткерінің қызы Шолпан Ахметқызы беріпті. Біз осы музей директоры, ахметтанушы Райхан Имаханбеттен сурет жайында пікір сұрадық. «1993 жылдың соңына қарай маған Ахмет Байтұрсынұлының қызымен танысу бақыты бұйырды, – деп бастады  әңгімесін. – Мен ол кезде «Халық конгресі» газетінің тілшісі едім. Сайын Мұратбековтің тапсырмасымен Шолпан апайдан сұхбат алуға бардым. Сол кезден бастап апаймен жақын танысып, араласып кеттім. Көп ұзамай газетте «Мен білетін Шолпан апай» деген мақалам жарық көрді. Ахмет Байтұрсынұлы ақталғаннан кейін апай қолындағы біршама дүниесін маған көрсете бастады. Бірде суреттерді парақтап отырғанда осы фотосуретті көрсетті. Шолпан апай: «Мына суреттегі мен, қасымдағы құрбым. Суретті түсірген – өзімнің әкем. Бұл сурет Орталық музейге тапсырылған. Бірақ маған фотоның жартысы ғана беріліп отыр. Негізінде әкем осы суретті түсірген кезде жанымызда анам да болған. Ол самаурынның жанында шай құйып отырған. Неге екенін білмеймін, анамның суреті қиылып қалған. Соған өзім де таңмын», деген болатын. Орталық музей қызметкерлері апайға суреттің телнұсқасын берген екен. Кейін сол телнұсқа газет беттерінде жариялана бастады», дейді Райхан Имаханбет.

Ахметтанушының айтуынша, Шолпан апайдың құрбым дегені Ахмет Бірімжановтың қызы Іңкәр екен. Екі Ахмет де Торғайдан шыққаны белгілі. Гүлнар Міржақыпқызы бұл жайында: «Екі Ахметті бір-бірінен айыру үшін бұл кісіні Ахаң-юст, Байтұрсыновты Ахаң-прос дейтін», деп жазғаны бар. Сол айтпақшы, суреттегі екінші қыз – Ахаң-юстың қызы Іңкәр. Ахмет Бірімжанов 1928 жылы өмірден өтіп, Іңкәр әкесінен ерте айырылды. 1931–1935 жылдары Алматыдағы дәрігерлер дайындайтын институтта оқыды. 1938 жылы тұрмысқа шығып, отбасылы болды. Кейін биология ғылымдарының докторы, профессор атанып, 2002 жылы өмірден өтті.

1929 жылы Ахмет Байтұрсынұлы қудаланып, Соловки лагеріне жіберілгені белгілі. Сол уақытта оның отбасы да қуғын көрді. Ахметтің жары Бадрисафа Байтұрсынова мен қызы Шолпан Томскіге жер аударылды. Ахаң 1934 жылы Соловки лагерінен босаған соң, Бадрисафа мен Шолпан Алматыға келді. 1935 жылы Шолпан тұрмысқа шығып кетті. Ал Ахмет пен Бадрисафа 1937 жылға дейін Алматыда бірге тұрды. 1937 жылы ұлт ұстазы қайта ұсталған кезде Бадрисафаны да тұтқындап алып кеткен. Бадрисафа сол кеткеннен оралмаған. Қай жерде қайтыс болғаны да әлі күнге белгісіз.

Әсілінде Шолпан Ахметтің ағасы Мәшен Байтұрсынұлының қызы болатын. Ахмет пен Бадрисафа оны 3 жасында бауырына басты. Шолпан да тағдыр теперішін көп тартты. Алдымен анасымен бірге Томскіде айдауда болды. Сөйтіп, толық білім ала алмады. Алматыға келген соң ғана бухгалтерлік оқуға қолы жетті. 1935 жылы тұрмыс құрып, үбірлі-шүбірлі болды. Шолпан Ахметқызы 1994 жылы өмірден өтті.

«Шолпан апай елге келгеннен кейін, әкесінің аты ақталған соң, оның мұраларын жинақтай бастаған. Қазіргі күні біздің музейде Ахметтің отбасына қатысты сурет жоқ. Тек осы «Ахмет Байтұрсынұлы түсірді» деген, «Чай у Шолпан» деп қойылған және «Фото АБ» деп белгі соғылған сурет қана бар. Болашақта жас зерттеушілер суреттің тарихына терең үңіліп, оның алғашқы нұсқасы қашан жарияланды, қашан түсірілді деген бағытта жұмыс жүргізсе, нұр үстіне нұр болар еді», дейді Райхан Имаханбет.

Кім біледі, жеке фотоаппараты болған, суретке түсіруді ұнатқан ұлт қайраткерінің объективінен бұдан да басқа кадрлар қалған болар. Бәлкім, олар ескі сандықтардың түбінде, сарғайған альбомдардың арасында жатқан шығар. Алайда әзірге Ахаңның фотоаппаратына іліккен бізге белгілі жалғыз фото осы ғана.