«Алтынтау Көкшетау» кенішінде жерасты өндірудің жаңа кезеңі басталды

0 5

Ақмола облысындағы ірі алтын өндіруші кәсіпорындардың бірі – «Алтынтау Көкшетау» акционерлік қоғамының кен орнында алғашқы жерасты жарылысы жасалды. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов қатысып, кәсіпорынның кенішті жерасты тәсілімен игерудің жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.

Алғашқы жарылыс болашақ жерасты кенішінің порталын қазу жұмыстарына жол ашты. Осыдан кейін кәсіпорын жерасты өндіру инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізеді. Жаңа технологиялық кезең кәсіпорынның өндірістік мүмкіндігін сақтап қана қоймай, кен орнын ұзақ мерзімді игеруге мүмкіндік бермек.

Алпыс жылдан астам тарихы бар кен орны үшін бұл – өндірістік тұрғыдан маңызды бетбұрыс. Кәсіпорында биыл қаңтар айында тау-кен массасының алғашқы шөміші алынған болатын. Енді жерасты кенішінің негізгі нысандарын салу мен дайындау жұмыстары басталды.

Облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов шахталық өндіруге көшу кәсіпорынның болашағы үшін стратегиялық маңызы бар шешім екенін айтты. «Шахталық әдіске көшу – кәсіпорын үшін тарихи маңызы бар кезең. Бұл жоба кен орнының қызмет ету мерзімін 2047 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өндіріс көлемін сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпорынның одан әрі дамуына жағдай жасайды. Мұның барлығы Ақмола облысының экономикалық әлеуетін арттыруға оң әсер етеді», – деді Ернар Жаркешов.

Жерасты тәсіліне көшу арқылы кен орнын игеру мерзімін ұзарту – жобаның басты артықшылықтарының бірі. Сонымен қатар бұл өндірістік әлеуетті сақтауға, кәсіпорындағы жұмыс орындарын тұрақтандыруға және болашақта жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Жобаның жүзеге асуына жергілікті атқарушы органдар тарапынан да қолдау көрсетілді. Кәсіпорынның өндірістік аумағын кеңейту мақсатында компанияға 1057 гектар қосымша жер учаскесі бөлінді. Бұл жер учаскесі жерасты кенішін дамытуға қажетті өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды орналастыруға мүмкіндік береді.

«Алтынтау Көкшетау» өңір экономикасында елеулі орын алады. Кәсіпорын облыстың өнеркәсіп өндірісінің 17 пайызын, ал өңдеу өнеркәсібінің 23 пайызын қамтамасыз етеді. Компания сонымен қатар өңірдегі ірі жұмыс берушілердің қатарында. Бүгінде мұнда 1700-ден астам адам еңбек етеді.

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, алғашқы жерасты жарылысы – бір күндік шара емес, ұзақ мерзімді дайындықтың нәтижесі. Жаңа өндірістік кезеңге өту үшін инженерлік, техникалық және ұйымдастырушылық бағытта ауқымды жұмыстар атқарылған.

«Бүгін біз үшін айтулы күн. Алғашқы жерасты жарылысы – ұжымның бірнеше жылдық еңбегінің нәтижесі және кәсіпорын дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам. Шахталық әдіс кен орнын әрі қарай игеруге, өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деді «Алтынтау Көкшетау» АҚ бас директоры Арман Әлиев.

Кәсіпорынның өңірдегі маңызы өндіріс көлемімен ғана шектелмейді. Компания әлеуметтік жобаларға да тұрақты түрде қатысып, елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдап келеді.

Жерасты кенішін іске қосу жобасы алдағы жылдары кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін маңызды инвестициялық бағыттардың біріне айналмақ. Ал алғашқы жерасты жарылысы осы ауқымды жұмыстың нақты басталғанын көрсетіп отыр.