Алматы облысында дәстүрге айналған «Таза бейсенбі» акциясы кезекті рет ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясындағы іс-шараға өңір бойынша 25 мыңға жуық тұрғын қатысып, 302 гектар аумақты тазартты. Нәтижесінде 545 тонна қоқыс шығарылды.
Бұл жолғы акцияның ерекшелігі – тазалық жұмыстары еңбек жәрмеңкесімен қатар өтті. Қатысушылар қоршаған ортаны абаттандыруға үлес қосып қана қоймай, өзіне қолайлы жұмыс табуға мүмкіндік алды. Сенбілікке мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, жастар, еріктілер және жергілікті тұрғындар қатысты. Олардың қатарында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те болды. Өңір басшысы Қонаев қаласындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің жұмысымен танысып, жастармен және еріктілермен пікір алмасты.
Жәрмеңкеде өнеркәсіп, құрылыс, логистика, қызмет көрсету салаларының кәсіпорындары, сондай-ақ құқық қорғау, төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау мекемелері бос жұмыс орындарын ұсынды. Әсіресе жастардың қызығушылығы жоғары болды. Оларға жұмыс берушілер еңбек жағдайы, жалақы көлемі мен талаптары жөнінде ақпарат берді. Нәтижесінде онға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналасуға келісімге келсе, бірқатар тұрғын қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Кейбір жастарға «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысу ұсынылды.
Ал Алатау қаласының Заречний ықшамауданында тазалық жұмысына 170-ке жуық тұрғын таңғы сағат 7-ден бастап кірісті. Тұрғындар аулалар мен жол жиектерін тазалап, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
Солардың бірі Риза Сауырбаева мұндай шаралардың тұрғындарды ортақ іске жұмылдыратынын атап өтті. «Әр бейсенбі біз үшін мереке секілді. Көршілермен бірге көшені, тоғайды тазалап, туған жеріміздің көркеюіне үлес қосамыз. Елдің тазалығы – әр адамның қолында. Оны сөзбен емес, іспен көрсету керек», – деді ол.
Айта кетейік, жыл басынан бері Алматы облысында 27 сенбілік өткізіліп, оған 614 мыңнан астам адам қатысты. Осы уақыт аралығында 14 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 8 мың гектардан астам аумақ тазартылды. Сонымен бірге өңірде 103 мыңнан астам көшет отырғызылып, тазалық жұмыстарына 3,7 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған.
«Таза бейсенбі» акциясы осылайша экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, тұрғындардың қоғамдық белсенділігін арттырып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді таныстыруға да жол ашып отыр.