Риддерліктер өзен жағалауын тазартты

0 3

Риддер қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Кезекті сенбілік Журавлиха өзенінің жағалауында ұйымдастырылып, оған 100-ден астам қала тұрғыны қатысты.

Қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған іс-шара барысында өзен жағалауы қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сенбілікке үш арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде аумақтан төрт тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды.

Экологиялық акцияға қала тұрғындарымен қатар түрлі мекеме өкілдері де белсенді атсалысты. Қатысушылар табиғи аумақтың тазалығын ретке келтірумен бірге, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын насихаттады.

Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қанат Оралбектің айтуынша, мұндай қоғамдық іс-шаралардың мәні тек белгілі бір аумақты қоқыстан тазартумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, туған қалаға деген жауапкершілікті арттыру.

– «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала аумағында тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Тұрғындардың осындай игі бастамаларға белсенді қатысып жатқаны қуантады. Қаланың тазалығы әрқайсымыздың жауапкершілігімізге байланысты екенін түсінуіміз керек, – деді Қанат Оралбек.

Сенбілікке қатысушылар да тұрғындарды ортақ мекеннің тазалығын сақтауға шақырды. Әсіресе өзен жағалауы, саябақтар мен демалыс орындарында табиғатқа зиян келтірмей, қоқысты арнайы орындарға тастау қажеттігін атап өтті.

Журавлиха өзенінің жағалауын тазарту – қаланың көркін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға жайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі. Мұндай шаралардың тұрақты өткізілуі экологиялық мәдениетті арттырып, табиғатты қорғауға деген ортақ жауапкершілікті күшейте түседі.