«Береке» ақмолалық шаруалардың берекесін арттыруда

0 4

Ақмола облысында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарламалар нақты жобалар арқылы іске аса бастады. Соның алғашқы нәтижесі – Ерейментау ауданындағы «Ерейментау Астык 2014» ЖШС-нің «Береке» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алуы.

«Игілік» және «Береке» бағдарламалары Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі Кешенді жоспар аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – салаға берілетін қолдауды жекелеген шаралардан жүйелі дамытуға көшіру. Яғни мал басын көбейту ғана емес, оның өнімділігін арттыру, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, қайта өңдеу өндірісін жолға қою және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін күшейту көзделген. Бағдарламалардың бір ерекшелігі – импорттық асыл тұқымды мал сатып алуға қолайлы қаржыландыру мүмкіндігінің берілуі. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жылдық 6 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен, 7 жылға дейінгі мерзімге несие ала алады.

Ақмола облысы қажетті ұйымдастырушылық рәсімдерді алғашқылардың бірі болып аяқтап, жаңа бағдарламалар бойынша жобаларды қаржыландыруға кірісті. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Марат Ахметжановтың бақылауында. Өңірде бағдарламаларды іске асыруды «KOKSHE» ӘКК» АҚ жүзеге асырады. Корпорация ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларын қарап, оларды Аграрлық несие корпорациясы арқылы тартылған қаражат есебінен қаржыландырады.

«Береке» бағдарламасы бойынша алғашқы несие Ерейментау ауданының Төменгі Тоғай ауылында орналасқан «Ерейментау Астык 2014» ЖШС-не берілді. Кәсіпорын бірнеше жыл бұрын қараусыз қалған өндірістік базаны өз қаражатына сатып алып, қайта қалпына келтірген. Қазір шаруашылық ұсақ мал өсірумен айналысады. Алдағы жоспары ауқымды: бордақылау алаңын кеңейтіп, бір мезгілде 10 мың басқа дейін мал ұстау көзделіп отыр.

Қазіргі таңда шаруашылықта шамамен 1 мың бас мал бар. Бағдарлама аясында алынған 2 млрд теңге кәсіпорынға өндірісті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек. Атап айтқанда, өз аналық мал басын қалыптастырып, төл өндіру жұмыстарын жолға қою жоспарланған.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – асыл тұқымды мал сатып алу. Кәсіпорын етті бағыттағы дорпер тұқымының 150 асыл тұқымды қошқарын сатып алуды жоспарлап отыр. Мал Австралиядан әуе көлігі арқылы жеткізілмек. Шаруашылық өкілдерінің айтуынша, жас мал қажетті тауарлық кондицияға дейін өсіріліп, кейін экспорттық келісімшарттар бойынша өткізіледі. «Бұл жоба кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Асыл тұқымды мал басын көбейтіп, алынған өнімді экспортқа шығаруды көздеп отырмыз», – дейді «Ерейментау Астык 2014» ЖШС атқарушы директоры Марат Ермаханов.

Жобаның қысқа мерзімде қаржыландыру кезеңіне жетуі де жаңа бағдарламалардың іс жүзіндегі тиімділігін көрсетеді. «KOKSHE» ӘКК» АҚ кредиттік комитеті жобаны қарап, мақұлдағаннан кейін келесі күні «Береке» бағдарламасы бойынша алғашқы несие беру туралы шартқа қол қойылды. «Мемлекеттік қолдаудың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жедел жетіп, нақты нәтижеге бағытталуы біз үшін маңызды. Бұл жоба өңірдегі көптеген бастаманың алғашқысы болып, мал шаруашылығын одан әрі дамытуға негіз болады деп сенеміз», – дейді «KOKSHE» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Серікбай Құсайынов.

Алғашқы жобаның Ерейментау ауданында қолға алынуының өзіндік мәні бар. Аудан Ақмола облысындағы етті мал шаруашылығын дамытуға қолайлы негізгі аумақтардың бірі саналады. Мұнда ет кластерін қалыптастыруға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. Мал өсіруден бастап, бордақылау, қайта өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Осы тұрғыдан алғанда, «Игілік» пен «Береке» бағдарламалары ауылшаруашылығы кәсіпкерлеріне қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, өңірдегі мал шаруашылығын жаңа технологиялық және өндірістік деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін маңызды құралға айналмақ. Ең бастысы – жеңілдетілген қаржы нақты өндіріске бағытталып, оның нәтижесі мал басының өсуінен, өнім көлемінің артуынан және экспорттық мүмкіндіктің кеңеюінен көрінуі тиіс.