Мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде

0 2

Алматы облысында биыл мал азығын дайындау жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп, шаруалар егістік алқаптарынан мол өнім жинауда. Өңірде мал шаруашылығын қажетті жем-шөппен қамтамасыз етуге ерекше мән беріліп отыр. Бұл өз кезегінде ауылшаруашылығы кәсіпорындарының өндіріс көлемін арттырып, мал басын көбейтуге мүмкіндік береді.

Биыл облыс бойынша мал азығы дақылдары 206,6 мың гектар алқапқа егілді. Оның ішінде 77 мың гектарға жуық жерге көпжылдық жоңышқа себілген. Алғашқы орымның өзінде шаруалар 374 мың тонна жоңышқа жинап үлгерді. Орташа өнімділік гектарына 48,6 центнерді құрады.

Қазір өңірде жоңышқаны екінші рет шабу жұмыстары да аяқталуға жақын. Жиын-терім науқанының нәтижесінде бүгінге дейін жиналған өнім көлемі 658 мың тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш облыста мал азығын дайындау жұмыстарының жүйелі түрде ұйымдастырылып отырғанын көрсетеді.

Мал азығын өндірумен қатар, оны тиімді пайдалану да шаруашылықтардың басты міндеттерінің бірі. Бұған Еңбекшіқазақ ауданындағы Саймасай ауылдық округінде орналасқан «Жанашар» шаруа қожалығының жұмысы мысал бола алады.

Шаруашылық биыл 200 гектарға жуық жерге дәнді және мал азығы дақылдарын еккен. Оның 61 гектарын жоңышқа алқабы құрайды. Сонымен бірге мұнда жүгері, күздік бидай, арпа және сұлы өсіріледі. Дайындалған өнім шаруашылық аумағындағы мал шаруашылығы кешеніне жеткізіліп, төрт түлікке құнарлы азық ретінде пайдаланылады.

Қожалықта бүгінде 300 бас ірі қара бар. Бұдан бөлек, жылқы мен қой да өсіріледі. Шаруашылықтың негізгі бағыты – сүт және ет өндіру. Өнімнің басым бөлігі тұрақты тұтынушыларға өткізіледі.

«Қазіргі таңда 300 бас ірі қара ұстаймыз. Сонымен қатар аздаған жылқы мен қойымыз бар. Негізгі бағытымыз – сүт және ет өндіру. Қазір күн сайын ірі компанияларға шамамен 600 литр сүт өткіземіз. 100 литрін балалар лагері тұтынады, тағы 100 литрін бұзауларға қалдырамыз. Яғни тәулігіне 800 литрдей сүт әзірлейміз», – дейді шаруа қожалығының басшысы Александр Гардт.

Кәсіпкердің айтуынша, шаруашылық өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл үшін мал басын көбейтуге бағытталған жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, көршілес облыстардан жас мал сатып алынған. Сонымен бірге шаруашылықтың өзінде де төл алу жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

«Қазір алдымызға осы көлемді екі есеге арттыру міндетін қойып отырмыз. Осы мақсатта көршілес облыстардан жас мал сатып алдық. Өзіміздің де төлдеріміз бар. Жоспар бойынша, 2027 жылдың соңына қарай тәулігіне шамамен 1,5 тонна сүт өндіретін боламыз», – дейді Александр Гардт.

Мал азығының жеткілікті болуы – мұндай шаруашылықтардың өндірістік тұрақтылығы үшін аса маңызды. Сондықтан «Жанашар» қожалығы өз қажетіне қажетті жем-шөпті барынша өз алқабынан дайындауға тырысады. Бұл бір жағынан азық шығынын азайтса, екінші жағынан мал рационының сапасын бақылауға мүмкіндік береді.

Жалпы, Алматы облысында мал шаруашылығын дамыту бағытында еңбек етіп жатқан шағын және орта шаруашылықтардың саны артып келеді. Олар ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға үлес қосуда. Сонымен қатар ішкі нарықты отандық ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Мамандардың пікірінше, мал азығын дайындау көлемінің артуы өңірдегі мал шаруашылығының тұрақты дамуына оң әсер етеді. Жоңышқа, жүгері және басқа да азықтық дақылдардың мол жиналуы шаруалардың қысқы кезеңге қажетті қор қалыптастыруына жағдай жасайды.

Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, сүт өндірісін арттыруды жоспарлаған «Жанашар» секілді шаруашылықтардың қатары көбейсе, бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтып қана қоймай, ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына да серпін бермек.