Спартактың мақсаты – туған жерін жасыл желекке орау

0 4

Диқаншылықты кәсіп еткен ойылдық Спартак Төремұратов бақша салып, көкөніс өсіруде. Оның өсірген қауын-қарбызы төңірекке тіл үйірер тәтті дәмімен таныс.

Спартак өз сөзінде Орынбор ауылшаруашылығы техникумында зоотехник мамандығы бойынша білім алғанын айтты. «Совхоздар ыдырап, талан-тараж болған тұста менің мамандығыма сұраныс болмай қалды да, Ақтөбе қаласында бес-алты жылдай әр салада жұмыс істеп, 2000 жылы ауылға келдім. Біздің ауыл Ойыл және Қиыл өзендерінің сағасында жатыр. Су мол. Бос жатқан жер де жетеді. Неге осындай мүмкіндікті пайдаланып, бау-бақша екпеске деп ойладым. Бұрын ауылға кәрістер келіп, қауын-қарбыз егетін. Жақсы шығатын. Содан осы іске іштей бел байладым. Сөйтіп өзімнің «Спарта» шаруа қожалығын құрып, ісімді туған жерде бастап кеттім, – дейді ол.

Спартак Төремұратовтың зайыбы Жанат Қожантаева Қызылорда жақтан. Қайын атасы қызы мен күйеу баласына қолғабыс етуге келіп, алдымен үш, кейін алты гектарға қауын-қарбыз егеді. Одан кейін тағы бір бағбан туысы келіп, үш жыл бойы бау-бақша егудің қыр-сырын үйретеді. Осылайша Спартак Төремұратов Ойыл табиғатына үйлесіңкіремейтін кәсіпті жолға қояды.

Өсірген өнімді де өткеру оңай шару емес. Спартак алғаш рет 2009 жылы жәрмеңкеге ауыл өнімдерін апарған. Ол кезде қауын-қарбыздың Ойылда өсірілгеніне ешкім сенбепті. Диқан бақшасынан жинаған қарбыздың екі түрін, қауынның он шақты түрін, қырыққабаттың брокколи, кольраби секілді сорттарын сөреге шығарғанда: «Қара қауын, күләбі, торпедо дегендерді Ойылда өсіру мүмкін емес, сендер оңтүстіктен әкеліп сатып жатырсыңдар», деп күмәнмен қарағандар болыпты. Дегенмен Спартак өз еңбегімен-ақ аз уақытта Ойылда бәрін өсіруге болатынын дәлелдеп шықты. Бүгінгі күні Ақтөбе базарларында тұтынушылар «Спартактың қауыны, қарбызы керек» деп арнайы іздейтін болыпты.

– Қауын-қарбыздың ең дәмдісі, ең қымбаты – менің бақшамның өнімі. Дегенмен өнімнің дәмін ерекше қылып өсіретіндей еш құпиям жоқ, әрине, ешқандай химикат пайдаланбаймын, гербицид, фунгицид дегенді мүлде қолданбаймын, аздап минералды тыңайтқыш – селитра саламыз. Арамшөпті қолмен жұламыз, ал былайынша бау-бақшаны күтіп-баптау жұмысының барлығы жұртпен бірдей сияқты. Мұның бәрі – адал еңбек пен маңдай тердің нәтижесі деп ойлаймын. Бәлкім, бау-бақша жұмысына балалар көмектесетін болғасын тәтті болатын шығар – дейді бағбан.

Спартак Төремұратов тұтынушылар тарапынан әсіресе сары қауынға деген сұраныс көп екенін айтады. Өте тәтті, бірақ сабағынан үзілгеннен кейін бір-екі күн ғана бұзылмай тұратын қауынды жұрт іздеп жүріп алады екен. Қалай дегенмен бүгінде Ойылдың қарбыз-қауыны жергілікті брендке айналған. Шаруаның айтуынша, Ойылда қауын өте жақсы өседі.

Бүгінде Ақтөбе базарларында еліміздің оңтүстік өңірлерінде піскен қауын-қарбыз сатылып жатыр. Көп. Жергілікті бағбандардың да қауын-қарбызы олардан кем түспейді. «Спарта» шаруа қожалығы басшысының айтуынша, бүгінде Ақтөбенің түкпір-түкпірінде қауын-қарбыз өсіретіндер баршылық. Олардың арасында: «Аға, сіздің кәсібіңізді көріп, біз де бастадық», – дейтіндер де бар екен. Бағбанның айтуынша, биыл толассыз жаңбыр салдарынан жұмыс кешеуілдеп қалған, әрі ара ұшпай, тозаңдану жүрмей, шілдеде пісуі керек өнім тамызда ғана пісіп жатыр екен. Жалпы, ауылшаруашалығы саласы — бірде көл, бірде шөл дегендей, тәуекелге толы сала. 2019 жылы құрғақшылық болып, бағбан бір күнде суаратын жерді жиырма күн бойы суарып, өнім ала алмай, су құмға сіңіп, 15 миллион теңгедей қарызға батып қалыпты. Содан бері ауа райы болжамын жіті бақылап, әр маусымға алдын ала қамдануды әдетке айналдырған. Сырт көзге суы болса, құнарлы жері болса, жұмыс күші болса, бау-бақша өсіру аса қиын шаруа емес сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, қарапайым ғана қарға қууға 1-1,5 миллион теңге қаражат жұмсалатынын, қараусыз жүрген малдың әлегін айтса да жеткілікті болар. Дегенмен «шегірткеден қорыққан егін екпейді».

– Тұқымды сатып аламыз, бір қиыны тұқымға қарап, өнімнің сапасы қандай болатынын біле алмаймыз. Былтыр қарбыз тұқымының сапасыз болуына байланысты өнімнің дәмі де, сыртқы пішіні де көңілден шықпады. Тұқымды жеткізуші компания бұған дейін бірнеше жыл бойы өсіріп жүрген, тұтынушылар арасында сұранысқа ие «Ромериа» сұрпының орнына сапасы нашар тұқым бергені кейін белгілі болды. Жеткізуші компания тексеру жүргізетінін айтты. Сапасыз тұқымның салдарынан бірнеше жыл бойы қалыптасқан тұтынушылар сенімінен айырылып қала жаздадым. Дегенмен биыл өнімімізді қайта шығара бастағаннан бері тұрақты сатып алушыларымыз іздеп келіп, қашан сатылымға шығатынын сұрап, күтіп жүр. Мен үшін сапа бірінші орында, – дейді бағбан.

Ең алғашқы жылдары үш гектар жерден кәсіп бастаған бағбан бүгінде 20 гектарға өнім егеді. Аумақты одан әрі кеңейтуге мүмкіндік болғанымен, дайын өнімді өткізу қиындық туғызатынын айтады кәсіпкер. Бүгінде бақшада ақ, қара, ала қарбыз, іші сары, сырты сары қарбыз секілді өнімнің жиырма түрі өсіп жатыр екен. Бау-бақшада бүгінде үш ересек адам, мектеп жасындағы 16 бала еңбек етіп жүр екен. Бағбан еңбекті сүйетін балаларды жыл сайын Астана, Алматы, Түркістан қалаларына қыдырып қайту үшін тегін жолдама береді. Биыл Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд қаласына жіберуді жоспарлап отыр екен. Бағбанның айтуынша, мақсаты – балаларды еңбегі үшін ынталандырып қана қоймай, дүниетанымын кеңейту. Саяхаттауды, кітап оқуды және футболды жақсы көретін шаруашылық иесі өзі қызығатын дүниелерді жастарға да насихаттап келеді. Спартак Төремұратовтың айтуынша, балалар таңғы сағат 6-да тұрып, 7-де бақшаға аттанады. Күніне бірнеше сағат еңбек етеді.

Шаруашылыққа сырттан тәжірибелі жұмысшыларды тартса, шығын азайып, жұмыс та жеңілдеуі мүмкін. Мұны бағбан жақсы біледі. Бірақ ол  ауыл балаларына жұмыс беріп, оларға ақыл-кеңес айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісуді маңызды көреді. Осылайша былтыр «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған шаруашылық иесі жылдар бойы жинаған тәжірибесін жас буынға жеткізуге тырысады.

Сондай-ақ ол ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне де жағдай жасап отыр. Ауылда оның дүкені, караоке, бильярд залы және би алаңы бар. Мұнда жастар бас қосып, бильярд ойнап, туған күн сияқты шағын мерекелерін атап өтеді.

Бағбан ауылды көркейту ісіне де ерекше көңіл бөліп отырғанын айтады. Ол 2019 жылы алма бағын салуды жоспарлап, екі миллион теңгеге 500 түп алма, алмұрт, өрік және басқа да жеміс ағаштарының көшетін сатып алып еккен. Алайда көбі жерсінбей, қурап қалыпты. Бұл қиындыққа қарсы тұрған бағбан кейінгі екі жылда оңтүстік өңірлерден алма ағашының көшеттерін, сондай-ақ раушан гүлдерін алдырып, ауыл тұрғындарына тегін таратып келеді. Былтыр 100 түп алма және 100 түп раушан гүлінің көшетін үлестірген. Алма көшеттерінің барлығы дерлік көктеп, кейбірі биылдың өзінде алғашқы жемісін бере бастаған. Раушан гүлдерінің де дені жерсініп, өсіп шыққан. Биыл да ол 100 түп алма ағашымен қатар шие, жүзім және басқа да өсімдіктердің көшеттерін сатып алып, ауыл тұрғындарына тегін таратқан.

Бағбан алдағы уақытта ол алма ағашымен ғана шектелмей, түрлі жеміс ағаштары мен әсем гүлдейтін бұталар және сәндік ағаштардың көшетін әкеліп, ауыл тұрғындарына таратуды жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты — туған ауылын жасыл желекке орау. Бұдан бөлек кәсіпкер Көктал аумағында демалыс орнын ашуды армандайды. Ол өзен жағасына шағын жайлы үйлер салынып, қажетті инфрақұрылым тартылса, мұнда келіп демалатындар көбейер еді дейді. Сонымен қатар ол өзеннің ағысы баяу тынық қолтығын балық шаруашылығына бейімдеп, демалушыларға балық аулау мүмкіндігін ұсынуға болады деп есептейді.