Жердің әр гектары халыққа жұмыс істеуі керек

0 4

Ауылшаруашылығының өркендеуі ең алдымен өңірге бөлінген инвестицияға байланысты. Осы мақсатта биыл Алакөл ауданның ауылшаруашылығы саласына 8,5 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Манатбек Рысбековтің айтуынша, бүгінгі күні бөлінген қаражаттың 1,24 миллиард теңгесі игеріліп, атқарылған жұмыстар өз нәтижесін бере бастаған.

Атап өтерлігі ауылшаруашылығына салынған инвестиция – заманауи техника, жаңа технология мен асыл тұқымды мал саланың болашағын қалыптастыратыны белгілі. Жалпы ауданға бөлінген инвестицияның 820 миллион теңгесі ауылшаруашылығы техникаларын сатып алуға бағытталса, 420 миллион теңгесі асыл тұқымды мал басын көбейтуге жұмсалған.

– Ауылшаруашылығына салынған инвестиция ертеңгі өнімнің молаюына, еңбек өнімділігінің артуына және ауылшаруашылығы өндірісінің сапалық тұрғыдан жаңаруына септігін тигізеді. Бүгінгі күні ауылдағы еңбек бұрынғыдай тек қара күшке сүйенбейді. Цифрлық технология, өнімділігі жоғары техника мен ғылыми негізделген агротехнология дала жұмыстарының сапасын арттырып келеді. Сондықтан техника паркін жаңарту – уақыт талабы ғана емес, бәсекеге қабілетті ауылшаруашылығының басты кепілі, – дейді бөлім басшысы.

Мемлекет басшысы пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару және қайта айналымға енгізу бойынша барлық әкімдерге тапсырма берді бұл бағытта ауданда да жоспарлы жұмыстар атқарылу үстінде. Манатбек Рысбековтің сөзінше жыл басында мемлекеттік меншікке 6 мың гектар жер қайтару жоспарланса, жоспар бүгінде асыра орындалған. Яғни, ауданда игерілмей жатқан жердің мемлекет қорына 9 мың 483 гектары қайтарылған. Оның 313 гектары өнеркәсіп мақсатындағы жер болса, 20 гектары суармалы егістік, ал 9 мың 150 гектары жайылымдық жерлер.

Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер ашық конкурс арқылы пайдалануға берілуде. Яғни, бүгінгі күні конкурс арқылы жалпы көлемі 20 мың 271 гектар жер ауылшаруашылығы айналымына берілген. Алғашқы конкурс барысында Қызылащы, Еңбекші ауылдық округтері мен аудандық жер қорынан 6640 гектар жер қайтарылды. Кейін Ынталы мен Ырғайты ауылдық округтерінде өткен конкурс нәтижесінде 3646 гектар жер жаңа иелерін тапты. Ал шілде айының соңында өткен үшінші конкурста Ырғайты, Жанама, Қамысқала және Ақтүбек ауылдық округтері бойынша 9985 гектар жер ауылшаруашылығы айналымына енгізілді.

Коммерциялық мақсаттағы бос жерлерді аукцион арқылы беру жұмыстары да аудан бюджетінің кірісін арттыруға үлес қосуда.

–  Жердің әр гектары халыққа қызмет етуі керек. Сондықтан біз үшін инвестиция әкелу, техниканы жаңарту, асыл тұқымды мал басын көбейту және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, нақты жұмыс істейтін шаруаларға беру – басты міндеттердің бірі. Бұл жұмыстар ауылшаруашылығының тұрақты дамуына, жаңа өндірістердің қалыптасуына және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы орындап, аграрлық саланың әлеуетін күшейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – дейді бөлім басшысы Манатбек Мырзашұлы.