Инклюзивті спорт кешенінің құрылысы басталды

0 2

Семей қаласында Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында жаңа инклюзивті спорт кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.

Қарағайлы тұрғын үй ауданында бой көтеретін заманауи спорт кешені ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік береді. Екі қабатты нысан бір мезетте 130 адамға дейін қабылдай алады. Жоба аясында әмбебап спорт залы, адаптивті дене шынықтыру залы, күрес элементтері бар арнайы зал, тренажер залы және бочча залы қарастырылған. Сондай-ақ үстел теннисі мен үстел ойындарына арналған бөлмелер, медициналық және оңалту қызметтерін көрсетуге арналған кабинеттер болады. Нысан толықтай инклюзивті талаптарға сай жобаланған. Ғимаратта пандустар, лифт, бейімделген санитарлық тораптар және кедергісіз қозғалысқа қажетті жағдайлар қарастырылады.

Іргетасын қалау рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли бұл жобаның өңірдегі инклюзивті спортты дамытудағы маңызын атап өтті.

«Бұл жоба – Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту және оны халықтың барлық санаты үшін қолжетімді ету жөніндегі саясатының нақты көрінісі. Жаңа спорт кешені Семей қаласының ғана емес, жалпы облыстың инклюзивті спортын дамытуға серпін береді», – деді Берік Уәли.

Өз кезегінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева жаңа нысан өңірдегі мүгедектігі бар азаматтарға спортпен тұрақты айналысуға және заманауи құрал-жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазіргі таңда облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы спорт клубы жұмыс істейді. Мұнда 253 спортшы тұрақты түрде жаттығады. Олардың арасында халықаралық деңгейдегі жарыстарда жүлде иеленіп жүрген спортшылар бар.

Инклюзивті спорт кешенінің құрылысы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Нысанның іске қосылуы өңір тұрғындары үшін спорттық және оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Абайға құрмет» акциясы аясында Семей қаласында бірқатар әлеуметтік және спорттық нысанның құрылысы қолға алынған. Бұл бастамалар қаланың инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.