Инвесторларға кедергілер азаяды

0 1

Алматы қаласында инвестициялық жобаларды іске асыру үдерісіне бақылау күшейтіліп, инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастыруға басымдық берілмек. Бұл мәселе қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен инвесторлар алдындағы әкімшілік кедергілерді азайтуға арналған кеңесте жан-жақты талқыланды.

Жиында бұған дейін Өңірлік инвестициялық штабтың қолдауына ие болған бірқатар жобаның қазіргі ахуалы қаралды. Әсіресе инвесторлардың мемлекеттік қызметтерді алу, қажетті келісімдерден өту және жобаларды белгіленген мерзімде іске қосу барысында кездесетін мәселелеріне назар аударылды.

Талдау нәтижесі көрсеткендей, бірқатар инвестициялық бастаманың жүзеге асуына жер қатынастарына байланысты рәсімдер, сәулет және қала құрылысы бағытындағы келісімдер, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымға қосылу үшін техникалық шарттарды алу мәселелері кедергі келтіруде. Осыған байланысты қала әкімі жауапты мемлекеттік органдардың міндеттерін нақты айқындап, әр жоба бойынша орындалу мерзімдерін белгілеуді тапсырды. Сонымен қатар қабылданған шешімдердің қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты нәтижеге жеткізілуін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Кеңесте инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге арналған цифрлық платформаның жұмысы да талқыланды. Аталған жүйе жобалардың іске асу барысын бақылауға, туындаған мәселелерді жедел анықтап, жауапты органдардың жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта цифрлық платформаны одан әрі жетілдіру және оны қала бюджеті есебінен жүзеге асырылатын әлеуметтік әрі стратегиялық маңызы бар нысандарды сүйемелдеуде қолдану мүмкіндігі қарастырылмақ.

Инвесторлармен жұмысты жетілдіруде «Almaty Invest» ұйымының да атқаратын рөлі айрықша. Ұйым басшылығының мәліметінше, жобаларды іске асырудың әр кезеңінде туындайтын әкімшілік мәселелерді дер кезінде шешу инвестициялық ахуалды жақсартудың маңызды тетіктерінің бірі болып отыр.

Қала басшылығының айтуынша, инвестициялық жобалардың уақытылы жүзеге асуы Алматының экономикалық әлеуетін арттырумен тікелей байланысты. Өйткені жаңа инвестициялар арқылы өндіріс орындары мен заманауи инфрақұрылым нысандары бой көтеріп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сонымен бірге туризм, қонақүй және қызмет көрсету салаларының дамуына серпін беріліп, жергілікті бюджеттің кіріс базасын кеңейтуге мүмкіндік туады.

Сондықтан инвестициялық жобаларды тек мақұлдап қана қоймай, олардың нақты іске асуына дейінгі барлық кезеңді жүйелі түрде бақылау – басты міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, инвесторлардың алдындағы әкімшілік кедергілерді барынша азайтуға бағытталмақ.