Жылына 45 миллион дана кірпіш шығарады

0 1

Осакаров ауданында жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асқан жобаға 1,5 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. «Алтын Алқап Қарағанды» ЖШС-нің зауыты толық қуатына шыққанда жылына 45 млн дана кірпіш шығаратын болады.

Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы аудан үшін ғана емес, өңірдің құрылыс индустриясы үшін де маңызды. Себебі өндіріс құрылыс материалдарына деген ішкі сұранысты өтеуге бағытталған. Кәсіпорын өнімін Қарағанды облысымен қатар көршілес Ақмола облысына да жеткізу жоспарланып отыр.

Зауытта кірпіш өндірудің толық технологиялық циклі жолға қойылған. Сазды дайындау, өнімді қалыптау, кептіру және күйдіру процестері бір өндірістік желіде жүзеге асырылады. Бір партия өнімнің барлық кезеңнен өтіп, дайын күйге жетуіне шамамен сегіз сағат қажет. Өндірісті қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін инвесторға саз кен орнын игеруге арналған жер учаскесі берілген. Сонымен қатар кәсіпорынға қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылған. Облыс әкімдігінің қолдауымен сыртқы электрмен жабдықтау желілері салынды.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиевтің айтуынша, жоба мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асқан.

— Кәсіпорынды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі бюджет қаражаты есебінен сыртқы электрмен жабдықтау желілерінің құрылысын қаржыландырды. Мұндай қолдау жаңа өндірістерді іске қосуға және жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді, — деді Асқар Ғазалиев.

Жаңа өндірістің аудан тұрғындары үшін де маңызы зор. Қазір зауытта 20 адам еңбек етіп жатыр. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққан кезде тұрақты жұмыс орындарының саны 40-қа дейін көбейеді. Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетовтің айтуынша, кәсіпорынның ашылуы жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына және кәсіби біліктілігін арттыруына мүмкіндік береді.

Зауыттың алғашқы өнімдері әлеуетті тұтынушыларға ұсынылып, құрылыс саласының мамандарынан оң баға алған. Кірпіштің геометриялық дәлдігі мен тығыздығы өнімнің негізгі артықшылықтарының бірі ретінде аталып отыр.

Инвестор Сай Шуан Гун өндірісті одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, кәсіпорынның тиімді орналасуы өнімді бірнеше өңірге жеткізуге мүмкіндік береді. Компания құрылыс ұйымдарымен ұзақ мерзімді байланыс орнатып, өнім көлемін тұрақты арттыруды көздейді.

Жалпы, жаңа зауыттың іске қосылуы Осакаров ауданындағы өнеркәсіптік өндірістің аясын кеңейтіп отыр. 1,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған жоба жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жергілікті шикізатты өңдеуге, құрылыс материалдарын өндіру көлемін арттыруға және аудан экономикасының дамуына ықпал етпек.