Ақтөбе облысында әйелдерді кәсіпке баулитын Отбасы қолдау орталығы табысты жұмыс істеп келеді. Ақтөбе қалалық Отбасын қолдау орталығы директорының орынбасары Жанна Амангелдіқызының айтуынша, орталықта әйелдер жаңа кәсіпті меңгеріп қана қоймай, жеке бизнесін бастауға қажет білім мен тәжірибе алу мүмкіндігіне ие.
Атап өтерлігі орталық бүгінгі күні өз идеясын жеке кәсіпкерлермен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, «Мансап» орталығымен және іскер әйелдер қауымдастығымен жасалған меморандум аясында жүзеге асырып отыр. Серіктестердің қолдауымен еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге және кәсіпкерлік дағдысын дамытуға арналған түрлі курс пен оқыту бағдарламалары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бүгінде орталықта шаш қию, сәндеу және бояу, құрақ құрау, сәбилерге арналған массаж, пайдалы ас мәзірін әзірлеу, макраме, сабын жасау, тойбастар дайындау, ересектерге арналған массаж, сондай-ақ SMM, мобилография және жеке брендті дамыту бағыты бойынша тегін курстар өткізіледі.
Сұранысқа ие жобаның бірі – «Алтын оймақ» тігін курсы. Алғашқы үш лек бойынша 26 әйел сертификат алса, биыл 21 шілдеде басталған төртінші лекке 23 қатысушы қабылданған. Одан бөлек, «Бір телефон — мың мүмкіндік: SMM және мобилографияны нөлден бастау» атты екі апталық курс жалғасып жатыр. Онда қатысушылар әлеуметтік желіде жұмыс істеу, сапалы контент әзірлеу және жеке бренд қалыптастырудың қыр-сырын меңгеруде.
— Орталықтың білім беру бағдарламалары арқылы бүгінге дейін 2 мыңға жуық әйел сертификат алды. Олардың бірқатары жаңа мамандық меңгерсе, енді бірі жеке кәсібін ашып, жұмыс істеп отыр. Орталығымызда заңгерлер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер азаматтарға құқықтық, әлеуметтік әрі психологиялық көмек көрсетеді. Осындай бастамалар аналардың жаңа кәсіп меңгеріп, өз ісін бастауына үлкен мүмкіндік береді, — дейді Жанна Амангелдіқызы.