Францияда 15 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынды

0 3

Франция парламенті 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салатын заң жобасын қабылдады.

Заңды алдымен Сенат, кейін Ұлттық жиналыс мақұлдады. Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 15 жасқа толмаған жасөспірімдер әлеуметтік желілерде жаңа парақша аша алмайды. Ал бұрыннан тіркелген аккаунттар төрт айлық өтпелі кезең аяқталғаннан кейін бұғатталады.

Бұл бастама Франция президенті Эммануэль Макронның сайлауалды уәделерінің бірі болған. Макрон бұл бастаманы балалар мен жасөспірімдерді интернеттегі қауіптен қорғауға бағытталған маңызды қадам деп бағалады.

«Renaissance» партиясының депутаты Лор Миллер ұсынған заң жобасында әлеуметтік желілер пайдаланушылардың жасын қалай тексеретіні нақты көрсетілмеген. Бұл мәселені әр платформа өз бетінше шешеді.

Дегенмен Францияның Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар министрлігі сәуір айынан бері мемлекеттік органдарды, әлеуметтік желі өкілдерін және жасын растау жүйелерін әзірлеушілерді біріктіретін арнайы жұмыс тобын іске қосқан.

Егер заң күшіне енсе, Франция Еуропада 15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін заң жүзінде шектеген алғашқы елдердің бірі болады.