Құқықбұзушылықтың алдын алу – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында айтылды. Жиында құқықбұзушылықтардың алдын алу, интернет кеңістігіндегі заңсыз әрекеттерге қарсы іс-қимыл және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Биыл 1 шілдеден бастап күшіне енген «Құқықбұзушылықтардың профилактикасы туралы» жаңа Заң алдын алу шараларына қоғам өкілдерін кеңінен тартуға мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырады. Соның бірі – қоғамдық көмекшілер институты. Жаңа бастама аясында алғашқы қоғамдық көмекші ретінде «ЛУЧ» оңалту орталығы тартылды. Енді аталған ұйыммен бірлесіп лудоманияның алдын алу, құмар ойындарға тәуелділікке бейім азаматтарды ерте анықтау және оларға қажетті қолдау көрсету бағытында жұмыстар жүргізілуде.
— Қоғамдық көмекшілер институты құқықбұзушылықтардың алдын алуда тұрғындардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда лудоманияның алдын алу және азаматтарды заңсыз құмар ойындарға тарту фактілеріне жол бермеу бойынша бірлескен жұмыстар қолға алынуда, — деді Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының тергеу жұмысы жөніндегі орынбасары Сәкен Қондыбаев.
Бүгінде экономикалық қауіпсіздікпен қатар цифрлық кеңістіктегі құқықбұзушылықтарға қарсы күрес те маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Департамент мамандары интернеттегі заңсыз контентті анықтау және бұғаттау бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде 2 700-ден астам күмәнді интернет-сілтеме шектелген.
Мамандардың айтуынша, құқықбұзушылықтың алдын алуда халықтың қаржылық сауаттылығы ерекше рөл атқарады. Осыған байланысты жоғары оқу орындарында, колледждерде және балалар демалыс орындарында түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, тұрғындарға интернет-алаяқтық, қаржылық пирамидалар және заңсыз онлайн-казинолардың қауіптері түсіндірілуде.
— Басты міндетіміз – құқықбұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ету емес, оның алдын алу. Сондықтан азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға, алаяқтық схемаларды тануға және заңсыз қаржылық қызмет түрлерінің салдарын түсіндіруге ерекше көңіл бөліп отырмыз, — деді Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Превенция және талдамалық әзірлемелер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Сейілханов.
Брифинг барысында құрылыс саласындағы заң талаптарының сақталуы да назардан тыс қалмады. Жүргізілген талдау нәтижесінде 84 құрылыс нысанында рұқсат беру құжаттарына қатысты заң бұзушылықтар анықталған. Аталған нысандар бойынша тиісті шаралар қабылданып, 31 нысанға қатысты сотқа талап-арыз берілді. Сонымен қатар 11 тұрғын үй кешенін бұзу туралы сот шешімдері заңды күшіне енген.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстар саласындағы тәуекелдерді азайту бойынша ұсыныстар әзірленген. Қазіргі уақытта балаларды бірнеше рет тіркеу жағдайларының алдын алу және бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай цифрлық платформа пилоттық режимде бес өңірде енгізілуде.
Жалпы, Абай облысында құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары тек бақылау шараларымен шектелмей, қоғаммен серіктестік орнату, ақпараттық түсіндіру және цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған.