Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов жұмыс сапары аясында Еркінқала-2 ауылында салынып жатқан 600 орынды мектептің құрылыс барысын және Балықшы шағынауданында бой көтеретін Ломоносов атындағы жаңа мектептің жобасын қарап, жауапты мердігерлер мен сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.
Алдымен облыс әкімі Еркінқала-2 ауылында салынып жатқан 600 орынды білім беру нысанына барды. «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба үш қабатты, жалпы ауданы шамамен 10 мың шаршы метр болатын заманауи мектеп кешенін қамтиды. Жобаға сәйкес мұнда кең әрі жарық оқу кабинеттері, кітапхана, 210 орынды асхана, екі спорт залы, акт залы және оқушылардың сапалы білім алуына қажетті барлық инфрақұрылым қарастырылған.
Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстарының негізгі бөлігі толық аяқталған. Қазіргі таңда нысан аумағын абаттандыру, көгалдандыру және сыртқы инфрақұрылымды ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін жүргізілген техникалық тексеру барысында анықталған кемшіліктер толықтай жойылған. Атап айтқанда, бірнеше оқу кабинетіндегі ақаулар мердігердің өз қаражаты есебінен түзетілген.
Жоспар бойынша мектеп жаңа оқу жылының басында пайдалануға беріледі. Жаңа білім ордасының ашылуы Еркінқала және Еркінқала-2 ауылдарындағы оқушы орындарының тапшылығын азайтып қана қоймай, қолданыстағы мектептердегі жүктемені төмендетуге және бірнеше жылдан бері өзекті болып келген үш ауысымды оқыту мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.
Нысанды аралаған Болат Ақшолақов құрылыс сапасына ерекше назар аударып, қалған жұмыстардың белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқталуын тапсырды.
Жұмыс сапарының келесі нысаны Балықшы шағынауданында салынатын Ломоносов атындағы 900 орынды жаңа мектеп болды. Бұл білім беру нысаны да өңірдегі оқушы орындарының тапшылығын азайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі саналады. Жобаға сәйкес мектептің жалпы ауданы шамамен 10 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты ғимараты салынады. Онда заманауи оқу кабинеттері, пәндік зертханалар, бірнеше спорт залы, акт залы және білім беру процесін толық қамтамасыз ететін қосымша кабинеттер қарастырылған.
Мердігер ұйымның мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта жобалық-сметалық және рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу жұмыстары аяқталу сатысында. Тамыз айында құрылыс алаңын дайындау көзделсе, қыркүйекте негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.
Жауапты мамандардың айтуынша, жобаның кешігуіне жер телімдерін рәсімдеу үдерісінің ұзаққа созылуы әсер еткен. Осы уақыт ішінде құрылысқа қажетті аумақта орналасқан жылжымайтын мүліктерге бағалау жүргізіліп, меншік иелерімен келіссөздер өткізілген. Заңнама талаптарына сәйкес өтемақылар төленіп, кейбір жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алу мәселесі сот тәртібімен шешілген.
Өңір басшысы жаңа мектептің құрылысына қатысты ұйымдастыру жұмыстарын созбалаңға салмай, белгіленген кестеге сәйкес жүргізуді тапсырды. Оның айтуынша, Балықшы шағынауданы тұрғындары тарапынан құрылыс қарқынының баяулығына қатысты шағымдар түсіп жатыр.
«Аудандағы қазақ және орыс тілінде білім беретін сыныптарға деген нақты қажеттілікке жан-жақты талдау жүргізу қажет. Барлық ұйымдастыру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтап, құрылыс қарқынын күшейткен жөн. Мектеп 2027 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілуі тиіс. Сонымен қатар құрылыс сапасы мен білім беру ұйымын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі қажет. Бұл жобаның жүзеге асырылуы менің жеке бақылауымда болады», – деді Болат Ақшолақов.
Атырау облысында жаңа мектептер салу білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған басым жобалардың бірі болып отыр. Жаңа нысандардың іске қосылуы оқушы орындарының тапшылығын қысқартып, үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге, сондай-ақ балалардың заманауи талаптарға сай білім алуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.