Кітап оқитын қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама

0 2

Абай облысында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ауқымды бастамаға жол ашылды. Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында Абай облысының әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат өңірде кітап оқуды кеңінен насихаттауға, жастардың білімге құштарлығын арттыруға және кітапханалардың қоғам өміріндегі рөлін күшейтуге бағытталған жаңа жобаларды іске асыруға негіз болады.

Салтанатты рәсімге Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев, зиялы қауым өкілдері, кітапхана қызметкерлері, педагогтер, жастар және оқырмандар қатысты. Кездесу барысында қатысушылар елде кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған мемлекеттік бастамалардың маңыздылығына тоқталып, қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттырудағы әдебиеттің орны туралы пікір алмасты.

Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларын өңірлік деңгейде жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды. Қол қойылған меморандум аясында Абай облысында «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы кезең-кезеңімен енгізіледі. Жобаның негізгі міндеті – тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, жастардың ой-өрісін кеңейту, кітапханаларды заманауи мәдени-ағартушылық орталық ретінде дамыту және қоғамда тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов Семей өңірінің тарихи-рухани маңызына тоқталып, бұл өлкенің қазақ мәдениеті мен әдебиетінің қалыптасуындағы орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің мұрасын жалғастырып отырған өңір үшін кітап оқуды насихаттау – уақыт талабы ғана емес, ұлт руханияты алдындағы жауапкершілік.

– Семей өңірі – тұңғыштар мекені, қазақ руханиятының алтын қазығы. Біз осы жоба арқылы жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді көздеп отырмыз. Білімді, ойлы әрі ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеу – мемлекет дамуының басты кепілі. Сондықтан өңір басшылығы ағартушылық бағыттағы барлық бастамаларға қолдау көрсетуді жалғастырады, – деді Мейірлан Раханов.

Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 мамырдағы «Оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асырудың маңызды тетіктерінің бірі саналады. Құжатта қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, халықтың функционалдық сауаттылығын дамыту және Қазақстанды әлемдегі кітапты көп оқитын мемлекеттердің қатарына қосу міндеті белгіленген. Осы мақсатта республика көлемінде жүйелі жұмыстар қолға алынып, өңірлерде түрлі ағартушылық жобалар жүзеге асырылып келеді.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошевтің айтуынша, Абай облысының жобаға қосылуы бастаманың ауқымын кеңейтіп қана қоймай, өңірдің рухани дамуға ерекше мән беретінін көрсетеді.

– Біздің басты мақсатымыз – кітап оқуды әрбір қазақстандықтың өмір салтына айналдыру. Бүгінде технологиялық серіктесіміз Yandex Qazaqstan компаниясымен және «Яндекс Кітаптар» сервисімен бірлесіп мемлекеттік тілдегі әдебиеттердің цифрлық қорын толықтыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Заманауи технологиялардың мүмкіндігін пайдалану арқылы еліміздің кез келген тұрғыны сапалы кітаптарға қол жеткізе алуы тиіс. Бұл әсіресе шалғай ауыл тұрғындары үшін өте маңызды, – деді қор басшысы.

Жоба аясында республика бойынша алты айға созылатын кітап оқу марафоны ұйымдастырылады. Қатысушылар арнайы бекітілген 15 кітапты оқып, әр шығарма бойынша тест тапсырмаларын орындап, интеллектуалдық квиздерге қатысады. Әдебиеттер тізімі ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, отбасы тәрбиесі, көшбасшылық, жауапкершілік, азаматтық ұстаным және рухани мұра тақырыптарын қамтитын шығармалардан құралған. Ұйымдастырушылар мұндай формат оқырмандардың тек кітап оқып қана қоймай, оқығанын талдап, өзара пікір алмасуына мүмкіндік беретінін айтады.

Алдағы уақытта Абай облысында жобаны үйлестіретін арнайы өңірлік кеңсе жұмысын бастайды. Сонымен қатар білім беру ұйымдары мен мәдениет мекемелерінде жауапты үйлестірушілер тағайындалып, қатысушыларды тіркеуге, оқылған кітаптарды есепке алуға және марафон нәтижелерін бақылауға арналған цифрлық платформа іске қосылады. Бұл жобаға мектеп оқушыларын, студенттерді, ұстаздарды, мемлекеттік қызметкерлерді, кітапханашыларды және барлық жастағы тұрғындарды кеңінен тартуға мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылар ауылдық және шалғай елді мекендердің тұрғындарын қамтуға ерекше назар аударып отыр. Себебі кітап оқу мәдениетін қалыптастыру тек облыс орталықтарымен шектелмеуі тиіс. Осы мақсатта көшпелі кездесулер, әдеби кештер, авторлармен жүздесулер, кітап көрмелері мен оқырмандар клубтарының жұмысы жандандырылады.

Жоба аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын спортшы» бағыттары бойынша республикалық марафондар өткізіледі. Әр бағыт бойынша белсенді қатысушылар марапатталып, үздік тәжірибелер республика көлемінде насихатталмақ.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі цифрлық дәуірде кітап оқу мәдениетін дамыту – қоғамның интеллектуалдық деңгейін көтерудің ең тиімді жолдарының бірі. Кітап адамның дүниетанымын кеңейтіп, сыни ойлау қабілетін қалыптастырады, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне оң ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Абай облысында қолға алынған бастама өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болып саналады.

Меморандум аясында жүзеге асырылатын жұмыстар мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, кітапханалардың, қоғамдық қорлардың, технологиялық серіктестердің және белсенді азаматтардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстырады. Нәтижесінде кітап оқуды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру, білімді әрі зерделі қоғам қалыптастыру жолындағы жұмыстар жаңа қарқын алып, Абай облысы еліміздегі оқу мәдениетін дамыту бағытындағы белсенді өңірлердің біріне айналады деген сенім мол.