Жаңа конституция – болашақты ойлаған ел бағыты

0 1

2026 жыл Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі ретінде тарихқа енді. Наурыз айында өткен республикалық референдумда еліміздің азаматтары Жаңа Конституция жобасын қолдап дауыс берді. Бұл саяси науқанға Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының мүшелері де белсене қатысып, азаматтық жауапкершілік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Ал 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Жаңа Конституция күшіне еніп, еліміздің құқықтық дамуының жаңа кезеңі басталды.

Ата Заң – мемлекеттің негізгі құқықтық құжаты ғана емес, қоғамның даму бағдары. Онда адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және еңбек адамының мүддесін қорғау сияқты маңызды қағидаттар айқын көрініс тапқан. Конституцияда бекітілген осы қағидаттардың өмірде нақты жүзеге асуы мемлекеттік органдардың ғана емес, азаматтық қоғам институттарының, соның ішінде кәсіподақтардың да жүйелі қызметіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, әлеуметтік әріптестікті дамытуды және кәсіподақ мүшелерінің кәсіби әрі әлеуметтік әл-ауқатын арттыруды өзінің басты міндеті ретінде жүзеге асырып келеді.

Бүгінде жергілікті кәсіподақ ұйымы сала қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық және кәсіби құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын өңірдегі ең ірі қоғамдық ұйымдардың бірі. Ұйым құрылымында Тараз қалалық филиалы, 10 аудандық филиал, жоғары оқу орындары мен Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Қазіргі таңда құрамында 822 бастауыш кәсіподақ ұйымына біріккен 63736 кәсіподақ мүшесі бар.

Конституцияда бекітілген әлеуметтік мемлекет қағидатын іске асырудың маңызды тетіктерінің бірі – әлеуметтік әріптестік. Осы бағытта жергілікті кәсіподақ еңбек қатынастарын жетілдіру, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету және жұмыс берушілермен сындарлы ынтымақтастық орнату бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Облыс әкімдігінің білім басқармасымен және жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестік аясында Келісімдер мен Ұжымдық шарттар жасалып, олардың орындалуына тұрақты қоғамдық бақылау жүргізілуде.

Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі – әр азаматтың құқықтық қорғалуы. Осы бағытта кәсіподақтың құқықтық қызметі еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше мән береді. Жыл сайын кәсіподаққа түсетін 11 мыңнан астам арыз-өтініш пен шағым заң аясында қаралып, жеке еңбек даулары келісу комиссиялары арқылы сотқа дейінгі тәртіппен шешіледі.

2015–2025 жылдар аралығында құқықтық қызмет нәтижесінде кәсіподақ мүшелеріне 2 миллиард 566 миллион теңге көлеміндегі қаражат өндіріліп берілді. Ал құқықтық қызметтің жалпы экономикалық тиімділігі 3 миллиард 859 миллион теңгені құрады. Бұл қаражаттар жалақының дұрыс есептелмеуі, сауықтыру жәрдемақыларының толық төленбеуі, еңбек демалысы төлемдерінің қате есептелуі, іссапар шығындары мен қосымша ақылардың төленбеуі сияқты мәселелер бойынша кәсіподақ мүшелерінің пайдасына өндіріліп берілген.

Құқықтық мемлекеттің басты қағидаттарының бірі азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Заң талаптарын білу, оларды дұрыс қолдану және еңбек қатынастарында тиімді пайдалану қызметкерлердің құқықтарының қорғалуына тікелей ықпал етеді. Осы бағытта Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы кәсіподақ активін оқыту жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып келеді. Соңғы бес жылда оқу-әдістемелік орталық пен филиалдардың ұйымдастыруымен аймақаралық, көшпелі және стационарлық форматтарда 104 оқу семинары өткізіліп, 14 054 адам кәсіподақтық оқумен қамтылды. Оқыту бағдарламалары еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесін жетілдіруге, құқықтық сауаттылықты арттыруға және әлеуметтік әріптестік мәдениетін дамытуға бағытталған.

Конституциялық мәдениетті қалыптастыруда ақпараттық жұмыстың да маңызы ерекше. Осы бағытта кәсіподақтың «Еңбекші» салалық газеті тұрақты түрде жарық көріп келеді. Басылым беттерінде еңбек заңнамасындағы өзгерістер, кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары, әлеуметтік әріптестік тәжірибесі, сот тәжірибесі және сала жаңалықтары тұрақты жарияланып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға өз үлесін қосуда.

Қорыта айтқанда, Жаңа Конституция – еліміздің құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындаған стратегиялық құжат. Оның басты құндылығы – адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әлеуметтік әділеттілікті нығайту. Бұл қағидаттарды күнделікті еңбек қатынастарында нақты жүзеге асыруда кәсіподақ ұйымдарының орны ерекше. Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Конституция қағидаттарын басшылыққа ала отырып, білім саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және еңбек адамының мәртебесін арттыру бағытындағы жұмысын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береді.